Ақтөбедегі агенттік өкілі мемлекеттік қызметке орналасу ставкасына қатысты сауалға жауап қатты


Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбедегі өкілі Рафхат Бисеновке мемлекеттік қызмет ставкасына қатысты сауал түскен болатын. Алайда, шенеуніктердің үстінен қарайтын ол теріс имидждің бұрыннан санада сақталып қалғанын айтып, шын мән-жайды түсіндіруге тырысты.

Рафхат Бисеновтің пайымынша, мемлекеттік қызметке орналасу қиын емес. Тек, нақты заңдарды білу қажет. Дайындалып келіп, емтиханнан сүрінбей өтсе, мемлекетке қызмет етуге жол ашық.

Дегенмен, Ақтөбе өңірінде мемлекеттік қызметке асығатындар көп емес секілді. Бүгінде 500-ден астам орын бос тұр. Жастар арасында шенеунік болуға аса құлшыныс байқалмайтын көрінеді. Өңірдегі шенеуніктердің орташа жасы 40-тың о жақ, бұ жағы.

«1098 бос орынға конкурс жарияладық. 600-ге тарта адам қабылданды. 500-ден астам орын бос тұр. Кейбір орындарға өтініш түспеген. Әрбір 100 адамның 35-і ғана өтіп кетеді. Дайындалып келіп, жақсылап емтихан тапсырса, әрине жол ашық», — дейді Рафхат Бисенов.

Агенттік өкілі мемлекеттік қызметке орналасу үшін таныс іздеп, ақша ұсыну жайттары болмағанын жеткізді.

Рафхат Бисенов мемлекеттік қызметке орналасуға үміттілердің сауатын да сынға алды. Ол оқу ордаларындағы білім сапасының төмендігін меңзеді. Сонымен бірге, шенеунік жалақысының төмендігін жоққа шығармады. Дегенмен, Елбасының тапсырмасымен жалақы мөлшерін көтеру мәселесі бүгінде қаралып жатқанға ұқсайды.

Пікір қалдырыңыз