Табиғат аясында аудан әкімімен оңаша кездескен Қандыағаш жастары жұмыссыздық мәселесін көтерді

Мұғалжар аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Жастар жылы» аясында Қ.Жұбанов ауылдық округіндегі орман алқабында аудан әкімі Ербол Данағұловтың «Жастар! Жаңғыру! Болашақ!» атты аудан жастарымен бейресми кездесу өтті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, кездесуге жастар ресурстық орталығының өкілдері, студенттер, мектеп оқушылары, жас ұстаздар, мемлекеттік қызметте жүрген жастар, спортшылар жалпы белсенді жастар қатысты.

Кездесу барысында ең алдымен сөз кезегін алған аудан әкімі Ербол Жеткергенұлы өзінің жастар жайлы ойын білдіріп, ел ертеңінің тұтқасы — бүгінгі жастардың болашағынан зор үміт күтетінін әрі жастарға артылған жауапкершіліктің мол екенін атап өтті.

Сондай-ақ, өзге де кеш кейіпкерлері жалынды жастардың елге, жерге деген патриоттық рухын оятып, жігерін жанитын мысалдар келтіріп, өнегелі пікірлерін ортаға салды.


Мұнан соң, сөз кезегін жастар алып, көкейлерінде жүрген сұрақтарын, толғандырған мәселелерін жеткізді.

Сауалдар негізінен жұмыссыздық мәселесі, әлеуметтік жобаларға қолдау көрсету, қолға алған істерінің дамуына жағдай туғызу, құрылыс және жасыл ел жасақтарының қалыпты жұмыс істеуі, рухани, мәдени орындар мен қолжетімді спорт залдары төңірегінде болды.

Аудан әкіміне сұрақ қоюшылардың қатары көп болды. Барлығы да жастардың атынан сөйлеп, оларды толғандырып жүрген сауалдарын қойды. Аудан басшысы Ербол Жеткергенұлы жас ұрпақ өкілдеріне қатысты мәселелермен таныс екенін айтып, жан-жақты жауап қайтарды.

Жиында сонымен қатар, аудан басшысы жастарға ауданның дамуы мен болып жатқан өзгерістер жайын да айтып берді. Аудан басшысы кездесуді қорытындылай келе, жастарды бірлік пен татулыққа шақырды.
Осылайша, рухани жаңғыру жолына түскен аудан жастары игі шара шеңберінде тағлымы мол, өнегесі өрнекті кездесуге куә болды.

Кездесу соңында аудан әкімі Ербол Данағұлов белсенді жастарды Алғыс хаттармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Емен-жарқын өткен кездесу соңы естелік суретке түсумен аяқталды.

Шара барысында көңілді мәре, түрлі спорттық және ұлттық ойындар, домбыра және гитара пати ұйымдастырылып, ашық аспан астында қонақасы берілді.

Пікір қалдырыңыз