Премьер-Министр Сағынтаев: Ақтөбе облысындағы жұмысқа көңіл толады

Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев облыс активімен кездесіп, алдағы жоспарды нақтылады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысына келген Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бірнеше өндіріс орнын аралап, мәдениет, спорт, денсаулық сақтау саласында салынған жаңа нысандарды қарап шықты.

Ал облыс активімен болған жиын кезінде алдағы міндеттерді нақтылады.

«Алғашқы жартыжылдықтың 5 пайыздық өсіммен аяқталғаны көрініп тұр. Жыл соңына дейін қарқын төмендемейді деп ойлаймыз. Бұл республикаға облыстың қосқан үлесі деп есептейміз. Айта кетерлігі, цифрландыруға көп көңіл бөлу керек. Цифрландыру деп айтқанда тек өндіріс саласының ғана емес, жалпы экономиканы цифрландыру қажет. Сол кезде шығындар төмендейді. Тек бюджеттік емес, адамдардың да шығыны азаяды. Ауылдағы интернет желісінің жылдамдығы төмен екені білгілі. 2021 жылға дейін бағдарлама қабылданып, 1230 ауылға кең жолақты интернет жеткізу жоспарда бар. Аудан орталығы, қаладағы жұмыс жақсы», — деді Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев.

Ақтөбенің аудандары мен қаланың даму көрсеткішін қарап шыққан Премьер-Министр соңғы 2-3 жылдағы жетістікті ерекше атап өтті.

«Бірде-бір облыста соңғы 2-3 жыл көлемінде мұндай нысандар салынған жоқ. Спорт, мәдениет, білім, денсаулық сақтау саласында Ақтөбе облысы қатты дамыған. Мұны әрі қарай жалғастыру керек. Мәселен, дамыған Еуропа елдерінде шағын және орта бизнес экономиканың 60-70 пайызын құрап отыр. Сол кезде шикізат бағасы өскенімен, дамуға еш кедергі келтірмейді. Бізге де сол бағытта даму керек», — Бақытжан Сағынтаев.

Шаруалар жаппай мемлекеттік қолдауға қол жеткізе алмайды. Басымдық экспортқа өнім шығарып отырған ауыл шаруашылығы құрылымдарына беріледі. Премьер-Министр осы бағытты ұстанған шаруалардың әр қадамында қолдау болатынын жеткізді.

«Ауыл шаруашылығы бойынша бағдарламаға өзгерістер енгізілді. Ауыл шаруашылығында кәсіпкерлерді жаппай қолдау болмайды. Егер де шығаратын өнім экспортқа бағытталған болса, көмектесеміз, барлық жағдайды жасаймыз. Жерге еккен дәннен шетелге сатылған өнімге дейін қолдау болады. Ал бүгінгі жағдайда қаламыз десе, ішкі нарықты игеруге мүмкіндік бар. Бір қиыны болашақта бәсекеге төтеп бере алмауы мүмкін. Сондықтан талпынып, өнімді сапалы шағару керек. Мәселен, сүт, ет өнімдерін Белоруссия, Украинадан әкеліп жүрміз. Өзімізде шағаруға мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығында 3 миллиард теңгеге жуық өнім импортталады. Ішкі сұранысты толық қамту да маңызды», — деді Б.Сағынтаев.

Пікір қалдырыңыз