Биыл Ақтөбеде 32 мыңнан астам адамды еңбекпен қамту жоспарланды – министр

Ақтөбеге Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевпен бірге келген Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова жиында мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын баяндады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Жобалық басқару жүйесі аясында жоғары өнімді жұмыс орындарын құру мақсаты тұр. Әрі экономиканы модернизациялау кезінде жұмыссыз қалған адамдарды қайта оқытып, еңбекке араластыру, жаңа мамандыққа бейімдеу іске асырылып жатыр. Қазіргі уақытта Ақтөбе облысында 435 мың адам жұмысшы бар. Оның 414 мыңы жұмыспен қамтылып, 20 мың адам жұмыссыз жүр. Республикалық көрсеткішпен салыстырғанда жұмыссыздар саны аз. Еңбек нарығына жыл сайын 12 мың адам қосылып отырады. Осыған байланысты жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, олардың сапасын арттыру қажет екенін министр Мадина Әбілқасымова түсіндірді.

«Ақтөбе облысында мемлекеттік бағдарламалардың бәрі жоспарға сай орындалып жатыр. Облысқа бағдарлама бойынша 7,3 миллиард теңге бөлінді. Биыл бағдарлама аясында 32 мыңнан астам адамды қамту жоспарланды. Қазіргі күні оның 58 пайызы жоспарға сай қамтылды. Барлығы 16 мың адам жұмысқа орналасса, оның 59 пайызы тұрақты еңбекке араласты. Тек қысқа мерзімді курстарда білім алғандарды жұмыспен қамту көрсеткіші 68 пайызды құрап отыр», — деді Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова.

Айта кетейік, Ақтөбеде 53 ірі кәсіпорын бар. Онда 50 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Барлығы 25 кәсіпорын технологиялық модернизация жасауды жоспарлап отыр. Сондықтан кадрды қайта оқытуға тура келеді. Қазіргі кезде 17 ірі өндіріс орнының жұмысшыларын жол картасымен оқыту жоспарда бар.

Пікір қалдырыңыз