Ақтөбелік әнші Нұртас Омаров Украинада өтіп жатқан ән байқауында жүлделі орынға ие болды

Украинаның Львов қаласында өтіп жатқан «Молода Галичина — 2018» байқауында Нұртас Омаров бірінші орын иегері атанды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Әлемнің әр елінен 120-ға жуық әнші бағын сынаған байқау жас ерекшеліктеріне байланысты төрт категорияға бөлінді. Таланттыларды анықтау кезінде үш кезеңнен сүрінбей өткен Нұртас Омаров ең үлкен категория бойынша өнер көрсетті.

«Бұл байқауға Қазақстан, Белоруссия, Израиль, Литва, Украина, т.б. елдерден өнерпаздар қатысты. Төрешілердің өзі әр түрлі мемлекетен болды. Олар жабық түрде баға берді. Тағы бір айтатыным, 26-шы рет өткізіліп жатқан конкурс өте жоғары деңгейде өтті. Бірінші турда қазақ тілінде, қалған екі турда украин тілінде орындадым. Өте жылы қабылдады», — дейді жүлделі болған жас әнші.

Қазіргі таңда облыстық Ғазиза Жұбанова атындағы филармонияда әнші болып жұмыс жасайтын Нұртас бұған дейін де әр түрлі дәрежедегі байқауларға қатысып жүлдемен оралып жүрген болатын.

Пікір қалдырыңыз