Ақтөбеде 90 жастағы шешесін шіріген үйде тұрғызған қызы оның зейнетақысын да алып кеткен

Ақтөбеде бірнеше күннен бері әлеуметтік желі «жұлдызына» айналған Анастасия Иванченконы мемлекеттік мекеме қамқорлығына алуға дайын. 90 жастағы тыл ардагері кедейшілікте өмір сүрген. Үш бөлмелі үйі құрт-құмырсқаға толып, шіріп кеткелі қашан. Тау болып үйілген тамақ қалдықтары үйдің әр бұрышында жатыр. Қарияның жатын орны да адам төзгісіз әжетханаға айналып кеткен. Нәжіс иісі қолқаны қабады.

«Мен соғыс жылдарында ұшақтарды сырлап, ішіндегі орындықтарын матамен қаптаушы едім. 40 жылдан астам осы зауытта жұмыс істеп, зейнетке шықтым. Шалымның қайтқанына 20 жылдай болды. Ол да Ұлы Отан соғысы ардагері. Арманым таза, әрі жағдайы жасалған пәтерде өмір сүру. Суы мен дәретханасы іште болса екен деймін. Мен бұл үйде 70 жылдан бері тұрып жатырмын. Жалғыз болғасын қиын. Бір күні осы жерде өлемін шығар», — дейді Анастасия Иванченко.

Кейуананың бүгінгі өмірі де соғыс жылдарындағыдай ауыр. Ішерге асы, киетін киімі жоқ. Ауыз суды да көршілері әкеліп береді. Қарияның қызы, күйеу баласы мен немерелері де бар. Зейнетақысы қызының қолында. Бірақ, бөлек тұратын анасына бір келмеген.

«Анастасия Иванченко тыл ардагері ретінде үкіметтен өзге де әлеуметтік жәрдемақылар алып тұрады. Әлеуметтік мекемеге орналастырғымыз келеді. Қария қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары уақытша әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Егер кейуана келісімін берсе, қарттар үйіне ауысатын болады», — деді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйлә Бөртебаева.

Пікір қалдырыңыз