Ақтөбеге қашып келген қызылордалық келіншектің сөзіне күдік келтіргендер көбейді

Қорлық көрсеткен бұрынғы күйеуінен Ақтөбеге қашып келген қызылордалық тұрғын Ақгүл Баялованың өміріне алаңдаушылар көп. 35 жастағы келіншек ажырасып кеткен жолдасынан таяқ жеп жүргенін айтып Ақтөбедегі дағдарыс орталығынан көмек сұраған.

Күйеуінен қорлық көрген әйелдің өмірі туралы БАҚ беттерінде жарияланды. Мақала астына аяныш білдіргендермен қатар келіншектің сөзіне күмән келтіргендер де көп болды.
Әлеуеметтік желідегі келіншектің сөзі жалған деген пікірлерді оны қамқорлығына алған дағдарыс орталығының мамандары да көрген.

«Шындыққа жанаспайды деген сөзді біз де естідік. Бірақ ондай күдік туғызбайды. Әйел әбден қорқып қалған. Бүгін оны халыққа қызмет көрсету орталығына апарып, құжаттарын жасатамыз. Әйелді психолог мамандар қарап жатыр», — дейді «Малика» дағдарыс орталығының директоры Динара Қарабалина.

Келіншек 7 жасар баласымен дағдарыс орталығында тек жарты жыл тұра алады. Орталық мамандары осы уақыт аралығында жалғызбасты анаға жұмыс тауып, құжаттарын жасап беруге уәде беріп отыр.

Пікір қалдырыңыз