Ақтөбеде 20 жыл бойы жөндеу көрмеген жалғызбасты қарияның пәтері қалпына келтірілді

Ақтөбе қаласында тұратын 80 жастағы қарияның үйі 20 жылдан соң жөнделді. Құрылыс жұмыстарына 500 мың теңге жұмсалды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Ұмсын Ибрашева алдымен жалғыз ұлынан, кейін күйеуінен айырылды. Арада 20 жыл өткенде оның бойынан әл кетіп, көмек сұрауға мәжбүр болды.

«Күйеуім жалғыз ұлымыздың қазасын көтере алмай, 20 жыл бұрын көз жұмды. Содан бері жалғыз тұрамын. 20 жыл бойы жөндеу көрмеген пәтерім соңғы жылдары адам көргісіз күйге түсті. Шаң, топырақ тынысыңды тарылтады», — деді Ұмсын Ибрашева.

Қария Ақтөбе хром қосындылары зауытының балабақшасында тігінші болып жұмыс істеді. Зейнетке де сол жерден шықты.

Пәтерді «Трансэнерго» АҚ бастауыш партия ұйымы жөндеп жатыр. Қалалық мәслихат депутаттары ақша жинап, барлығы 500 мың теңге жұмсалды.

«Жалғыз қалған, жанашыры жоқ адамға көмектесу біздің парызымыз. Сондықтан партияға өтініш берген Ұмсын әженің пәтеріне келіп, бар көмекті бердік. Жұмысшылар бос уақытта келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, кіреберіс пен асханаға жиһаз әзірленді. Алдағы он күнде бәрі жаңаланып, әрлене түседі», — деді «Трансэнерго» АҚ басқарма төрағасы Аманбай Сакиев.

Пікір қалдырыңыз