Ақтөбе облысының үздік тауар өндірушілері анықталды

Ақтөбеде шығарылатын үздік тауарлар республикалық көрме-байқауға қатысады. Биыл өз тауарларын ұсынғандар арасында «Бизнес бастау» жобасына қатысып, өз ісін бастаған кәсіпкерлер бар, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Биыл байқауға барлығы 40 кәсіпкер қатысты. Олар тұрмысқа, өндіріске қажетті тауарларын ұсынып, азық-түлік өнімдерін көрсетті. Тек ірі өндіріс орындары ғана емес, кәсібін енді бастағандар да қатарға тұрып, өз өнімдерін көрмеге қойды.

«Қала ішіндегі танымал кәсіпкерлер ғана емес, ісін ауылда бастағандар да қатысып жатыр. Барлығы 9 жеңімпаз республикалық кезеңге қатысып, Ақтөбенің намысын қорғайды. Мәселен, «Бизнес бастау» жобасына қатысып, мемлекеттік қолдауға ие болған Манас Барболсынов Темір ауданынан келіп, макарон өнімдерін көрсетті. Ал Ақерек Ибрагимова әжетхана қағазын шығарып отыр», — деді Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Бауыржан Дарқұлов.

Байқау қорытындысы бойынша «Өндірістік мақсаттағы үздік тауар» номинациясында «Ақтөбе өртке қарсы тауарлар зауыты» ЖШС, арнайы киім шығаратын «Глобал» ЖШС және Ақтөбе рельс-арқалық зауыты жеңімпаз атанды. Ал «Үздік азық-түлік тауары» сүт және сүт өнімдерін шығаратын «Болат ЛТД» ЖШС, «Актюбинский мясной кластер» ЖШС және «Рамазан» ЖШС алда келді. «Халыққа арналған үздік тауар» номинациясында «Қаз қағаз» ЖШС, «West line doors» және «Ақсу» жиһаз фабрикасы үздік атанды. Жеңімпаздар мен жолдама алған ақтөбелік кәсіпкерлерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев құттықтап, алғыс хат берді.

«Ауылда, шаруашылық басында болған соң бизнестегі жаңалықты көп білмеймін. Биыл көрме-байқау өтеді дегенді естіп, қатысып отырмын. Бірінші рет келіп, таныстырдым. Жеңіске жету емес, тауарды таныстыру, шаруашылықтың бар екенін көрсету маңызды болды. Бізде жылына 100 тонна қымыз шығарылады. Сатып алатын адамдар арнайы тапсырысын береді. Мен екі күн сайын қымыз тасимын. Қымыз бар болғаны үш күнде ішілуі керек. Егер уақыты ұзап кетсе, сапасы жоғалады. Сондықтан ірі супермаркеттерге таратпайын», — деді «Шыңғыс» шаруа қожалығының иесі Орынбай Жолмұратов.

Пікір қалдырыңыз