Ойыл ауданы күндері аясында атақты тарышының ескерткішіне гүл шоқтары қойылмақ

Сурет: aktobetv.kz

Ақтөбеде аудан күндері басталып кетті. Алғашқы болып Шалқар ауданы әкімдігі өңірдегі жетістіктерін паш етті. Президент паркінде гала-концерт ұйымдастырып, жиналған көпшіліктің көңілінен шықты. Кезек Ойыл ауданында. Әдеттегісінше, жұма-сенбі сайын аудандар кезекпен келіп, өз өнерлерін ортаға салмақ, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

13 шілде, жұма күні Шығанақ Берсиев көшесінде атақты тарышының ескерткішіне гүл шоқтары қойылады. С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Көкжардың жыр жәрмеңкесі» атты ақындармен кездесу ұйымдастырылғалы отыр.

«Бақытты бала» жобасы аясында «Бақытты балалық шақ – жарқын болашақ!» атты балаларға арналған мерекелік шара жоспарланған. «Туған жерге тағзым!» акциясы аясында жерлес дәрігерлердің қолдауымен медициналық ота жасалады деп күтілуде.

Жұма күні облыстық драма театрында Тахауи Ахтановтың «Арылу» спектаклі сомдалады. Ізінше, «Ән шалқыған — нұр Көкжар!» атты мерекелік концерттік бағдарлама қарастырылған.

Ал, сенбіде әдеттегісінше, «Табыс» коммуналдық базарында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді. Аналар үйінде «Өмірге үміт сыйла!» атты қайырымдылық акциясы жоспарда бар. Облыстық перзентханасында «Ақ орамал» акциясы өткізілмек.

Сенбіде Тұңғыш Президент атындағы саябақта Ойыл ауданы күндерінің құрметіне үлкен концерт дайындалып жатыр.

Пікір қалдырыңыз