Ақтөбеде 10 бөтелке сыраны бөліп ішкен танысын 24 жастағы жігіт атып тастаған

Көрнекі сурет: Bnews.kz

Ақтөбе облысының Темір ауданында 10 бөтелке сыра ішкен ауылдастар керісіп қалған. Прокурорлардың хабарлауынша, ішімдік ішкендердің бірі екіншісін «сыраны дұрыс алып бермедің» деп бетінен алақанымен салып қалған. Ашу қысқан екіншісі бөтелкелесін қорада тұрған мылтығымен атады.

«Туған інім қаза тапты. Вахтадан келгеніне екі-үш күн ғана болып еді. Сол күні достарымен бірге отырмақта отырған жерінен шығарып алып, атып кеткен. Аяғы мен жүрек тұсынан жарақат алып қаза тапты. Тергеу кезінде бір адамды ғана кінәлі деп жауып тастады. Біз қасындағы балалардың да жауапқа тартылуын сұраймыз. Бізге әділдік керек. Өлтірген бала бұрын істі болған. Оның шартты түрде алған жазасы әлі өтелмеген», — дейді жәбірленушінің апасы Жеңісгүл Досқалиева.

Сотта мылтықтың еш жерде тіркелмегені айтылды. Күдікті қаруды даладан тауып алғанын айтқан.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Аманат Жармұхановқа қатысты сот отырысы басталды. 24 жастағы Темір ауданының тұрғыны ҚР ҚК «Қасақана адам өлтіру» бабы бойынша айыпталып отыр. Іс материалына сүйенсек, оқиға биыл 8 наурыз күні Темір ауданы Ақсай ауылында болған.

Пікір қалдырыңыз