Ақтөбе облысында ұялы телефон ұрлығы бірінші орынға шықты

Ақтөбе облысында тіркелген қылмыстың көшбасында ұрлық тұр. Қалта ұрлығы, оның ішінде ұялы телефон ұрлығы бірінші орынға шықты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Өзгенің мүлкін ұрлау проблемалы сұраққа айналды. Тіркелген қылмыстың 65 пайызы ұрлық болып тұр. Ұялы телефон ұрлығы 38 пайызды құрады. Көбі қоғамдық көлік ішінде телефонынан айырылып қалады. Тасымалдаушы компанияларға автобус ішіндегі монитор арқылы ескерту беру туралы ұсыныс берілді. Демалыс, көңіл көтеру орындарының күзет қызметіне де түсіндірілді», — деді облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының міндетін атқарушы Жанна Макаревич.

Айта кетейік, Ақтөбе қалалық ішкі істер бөліміндегі криминалдық полицияның 11 қызметкері қоғамдық көліктегі алдын алу шарасын ұйымдастырады. Бірақ тасымалдаушылар мен базар әкімшілігі ұрлықтың алдын алуға асығар емес.

«Қалта ұрлығы, соның ішінде телефон ұрлығы жөнінде бейнеролик дайындап, оны көрсетуді ұсындық. Бірақ қолдау болмады. Кейін қалалық әкімдікке «Құрметті жолаушылар, сақ болуыңызды сұраймыз. Өз заттарыңызға мұқият болыңыз» деп хабарлама беру туралы тағы ұсыныс берілді. Ешкім қолдамай тұр. Орталық базар мен қоғамдық көліктерге осы ескертуді береміз деген уәде болған еді, уақыт өтті, ештеңе өзгермеді», — деді Жанна Макаревич.

Пікір қалдырыңыз