Ақтөбе іргесінде тұрғындар ауыз су тапшылығына шағымданды

Ақтөбе іргесіндегі Ақжар-2 елді мекенінің тұрғындары бірнеше күннен бері ауыз су тоқтап қалғанын айтып, шағымданып тұр. Ақтөбе, 10 шілде 2018 жыл.

Ақтөбенің іргесіндегі Ақжар-2 елді мекенінің тұрғындары 10 шілде күні он күннен бері ауыз сусыз отырғанын айтып, наразылық танытты деп хабарлайды Азаттық.

Жергілікті тұрғын Ербол Тілеумағамбетов осы аралықта қаланы ауыз сумен қамтамасыз ететін «Ақбұлақ» акционерлік қоғамы мен қалалық әкімдікке хабарласып, еш нәтиже шығара алмағандарын айтады. Ақжардағы «Бақыт» дүкенінің жанында ондаған адам жиналған наразылық жиынын полиция қызметкерлері сырттай бақылап тұрды.

— Су келіп қалар ма екен деген үмітпен үйдегі крандарды ауық-ауық ашып қараймын. Пысылдап ауа шығып тұр. Судың орнына ауа шыққан кезде су есептегіш құрал зырылдап айнала жөнеледі. Сонда мен ақшаны ауаға төлеп отырмын ба? Міне, бүгін оныншы тәулік ауыз сусыз отырмыз. Ақтөбеде 40 градус ыстық. Мал-жанымыз әбден қиналып кеттік, — дейді Ербол Тілеумағамбетов.

Ақжар-2 елді мекенінің тағы бір тұрғыны Алтыншаш Үсенова тұрғындар «Ақбұлақ» мекемесі мен әкімдікке хабарласқанымен, ондағылар ауыз судың тапшылығын халықтың өзінен көретінін айтады.

— Бізге бау-бақша суғарасыңдар, монша жағасыңдар дейді. Қайдағы бақша?! Бақшамыз әлдеқашан қурап қалды, — дейді ол.

Халықтың наразылығын тыңдау үшін Ақжар-2 елді мекеніне қаланы ауыз сумен қамтамасыз етуші «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының вице-президенті Жұлдызбек Бисембин де келді. Ол өзі де Ақжар-2 елді мекенінде тұратынын, ауыз су мәселесін жақсы білетінін айтады.

Жұлдызбек Бисембин, Ақтөбедегі «Ақбұлақ» акционерлік қоғамының вице-президенті. 10 шілде 2018 жыл.

— Қазіргі таңда Ақжар-2 елді мекеніне үш насос су айдап тұр. О баста үш насос 90 текше метр ғана су айдайтын. Ол жетпегендіктен насостардың қуаттылығын 170 текше метрге дейін жеткіздік. Соның өзінде халыққа ауыз су жетпей жатыр. Жоспар бойынша, Ақжарға айына 20 мың текше метр су берілуі керек болатын. Тұрғындар одан екі-үш есе көп тұтынып отырғандықтан резервуарлар толып үлгермейді. Біз ертең халыққа берілетін суды толық тоқтатып, әрқайсы 500 текше метрлік үш резервуарды толтырып, қор жасап алмақшымыз. Мәселе шешілмесе, үшінші насостың қуаттылығын арттырамыз, — дейді Жұлдызбек Бисембин.

«Ақбұлақ» акционерлік қоғамының мәліметінше, қазір Ақжар-2 елді мекеніндегі абоненттердің 50 пайызы ауыз сусыз отыр. Бұл елді мекенде акционерлік қоғамның 1470 абоненті бар. Ауыз су мәселесі шешілгенше «Ақбұлақ» тұрғындарға суды арнайы көлікпен тасып бермек.

Пікір қалдырыңыз