Түркияда президент пен парламент сайлауының нәтижелері жарияланды


Түркияның Жоғарғы сайлау комиссиясының төрағасы Сади Гювен 24 маусым күні өткен ел президенті мен парламентінің кезектен тыс жалпыұлттық сайлауының қорытындыларын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап.

Орталық сайлау комиссиясының басшысы атап өткендей, Әділдік және даму партиясымен және Ұлттық іс-әрекет партиясымен (MHP) құрылған — «Халық альянсынан» кандидат ретінде ұсынылған Режеп Тайип Ердоғанға 26 млн 330 мың 823 (52,59%) сайлаушы дауыс берді.

Түркия президенттігіне өзге кандидаттардың жинаған дауыстары келесідей: Республикалық халық партиясынан үміткер (CHP) Мухаррем Индже — 30,64 % дауыс; İYİ партиясының көшбасшысы Мераль Акшенер — 7,29 % дауыс; Демократиялық халық партиясынан үміткер (HDP) Селахаттин Демирташ — 8,40 % дауыс; Saadet партиясының төрағасы Темель Карамоллаоглу — 0,89% дауыс; «Отан» партиясының көшбасшысы Догу Перинчек 0,20% дауыс жинады.

Түркияның Жоғарғы сайлау комиссиясының төрағасы парламенттің 27-інші шақырылымына бес партия өткенін мәлім етті.

Атап айтқанда, Әділдік және даму партиясы — 295 мандат, Республикалық халық партиясы — 146, Демократиялық халық партиясы (HDP) — 67, Ұлттық іс-әрекет партиясы — 49 және İYİ партиясы 43 мандат алды.

Пікір қалдырыңыз