Ақтөбе облысында 100 мың теңге пара алған ауыл әкімі сотталды

Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Жармұхановқа сот үкімі шықты. Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпталған әкім сот залында қамауға алынды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде 43 жастағы ауыл әкімі пара алды. Мейрамбек Жармұхановқа қатысты қылмыстық іс №2 Ақтөбе қалалық сотында қаралды. Іс материалына сүйенсек, әкім аумағы 2 гектар болатын бау-бақшаға арналған жерді бір жылға жалға беру үшін мейрамханада отырып, кәсіпкерден 100 мың теңге пара алды. Оқиға орнына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ұлттық бюросы барып, әкімді пара алу фактісі кезінде ұстады. Сотталушы М.Жармұханов өзіне тағылған айыпты толық мойындап, өкінетінін жеткізді. Жаза тағайындау кезінде кәмелет жасқа толмаған үш баласының бар екенін ескеруді сұрады.

«Мейрамбек Жармұханов Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Сонымен қатар, өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылсын», — деді №2 қалалық сотының судьясы Т.Алданов. Ауыл әкімі сот залынан қамауға алынды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Пікір қалдырыңыз