Сапарбаев 37 жасында 11 баланың анасы атанған келіншекті құттықтады

Кеше облыс әкімінің қызметкерлері жас ананы босану орталығынан шығарып алды. Әсел Бекмағамбетоваға облыс әкімнің құттықтауы мен сыйлықтар табыс етілді. 37 жасында 11 баланың анасы атанып үлгерген келіншек үш күн бұрын өмірге егіз ұл мен қыз әкелген болатын.

«Алғашында дәрігерге қаралғанымызда сенген жоқпыз. Менің туыстарымда егіздер бар. Дәрігерлердің көмегімен жақсы босандым. Балалардың салмақтары да жақсы, 3,5 келі болды. Бірінші ұлым Мұстафаны босандым. Қарындасы Аиша 10 минуттан кейін дүниеге келді. Әр бала өмірге келген сайын қyанамыз, әрқайсысының өз несібесі бар », — дейді Әсел Бекмағамбетова.

Сегіз қыз бен үш ұлдың анасы Алла берсе баладан әлі де бас тартпайтынын айтты. Балалардың әкесі мұнай компаниясында қарапайым жұмысшы болып жасайды. Отбасының жалғыз асыраушысы да өзі. Екеуі де көп балалы отбасында тәрбиеленген.

«Әр баламды өмірге әкелген сайын бақытқа кенелемін. Үлкен балам студент, екіншім оқуға биыл тапсырғалы отыр. Балалы үй — бақыт. Біреуін шақырғанда бәрінің аттарын атап шығамын. Ендігі арманым балаларымды жеткізіп, абыройлы азамат пен азаматша еткім келеді», — дейді Әсел Бекмағамбетова.

Жыл басынан бері Ақтөбедегі облыстық перинаталдық орталықта 2845 нәресте дүниеге келген. Оның 1352-сі ұл болса, 1493-і қыз бала. Соңғы жарты жылдың ішінде облыста 42 егіз бала өмірге келген.

Пікір қалдырыңыз