Менингитке шалдыққан 4 науқас емдерін жалғастыруда — Денсаулық сақтау министрлігі

Елімізде менингитке шалдыққан тағы 3 адам ауруханадан шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.

Ведомствоның баспасөз қызметі ауруханаларда менингококк инфекциясына шалдыққан 7 адам ем-дом қабылдап жатқанын хабарлаған болатын.

Кешкі сағат 18:00-дегі жағдай бойынша, үш науқас үйлеріне жіберіліп, стационарда 4 адам қалған.

Жалпы Қазақстанда жыл басынан бері менингококк инфекциясының 62 жағдайы тіркелген, оның 13-і өліммен аяқталған. 45 адам ем-домнан кейін үйлеріне шығарылған.

Менингококқа шалдыққан Алматы қаласында — 6 адам, Алматы облысында — 3 адам, Оңтүстік Қазақстан облысында — 3 және Қызылорда облысында 1 адам көз жұмды.

«Эпидемияға қарсы іс-шаралар жалғасуда. Жаңа жағдайлар тіркелген жоқ», — делінген министрлік ақпаратында.

Менингококк инфекциясы — өткір инфекциялы ауру. Ол бактериялар арқылы тарайды және оның түрлі клиникалық көріністері болады. Инфекцияны негізінен науқас адамдар мен өзге де тірі тіршілік иелері таратады. Олардың барлығында клиникалық белгілер болмауы мүмкін. Соған қарамастан олар менингококк инфекциясын таратушылар болып табылады. Бұл індет түрі әдетте қыс және күз мезгілінде көп тарайды.

Инфекция жөтел, түшкіру, әңгімелесу барысында тарайды. Инфекция қоздырушылар әдетте сыртқы ортада тұрақсыз келеді. Микроб ауру адаммен ұзақ уақыт әрі жақын байланысты болған кезде жоғарғы тыныс алу жолдарындағы шырыш қабаты арқылы келеді. Инфекция жұқтырып, ауруға шалдыққанға дейінгі мерзім 1-ден 10 күнге дейінгі аралықты құрайды. Науқас адам ауру жұқтырған алғашқы күннен бастап-ақ қауіп тудырады.

Бұл аурумен әдетте 5 жасқа дейінгі балалар жиі ауырады. Өйткені олардың иммунды жүйесі толық қалыптаспаған. Ал жасөспірімдер мен жастар әдетте көп уақыттарын түнгі клубтар сияқты халық коп шоғырланған жерлерде өткізеді. Ал мұндай орындар мен ондағы шылым шегу, бір ыдыстан сусын ішу сияқты жәйттер ауруды жұқтыру қаупін арттыра түседі.

Менингит бірден басталады. Алдымен адамның басы қатты ауырып, жүрегі айнып, 6-15 сағаттан соң денесі бөрте бастайды. Дене қызуы 39-40°С градусқа жетіп, қалтырайды. Терісі бозарып, әлсірейді, арқасы мен қол-аяғының ұштары ауыра бастайды. Ауру адам шөлдеп, асқа деген тәбеті болмайды. Сондай-ақ бұл ауру тұмау, ангина сияқты ауруларға ұқсап, білінбей жеңіл өтуі де мүмкін. Әдетте адам суық тиіп, ауырып, қатты шаршаған кезде адамның организмі әлсірейді. Міне, осы кезде инфекцияның тарауына қолайлы жағдай туындайды және осы кезде менигококк адамның миына еніп, оны қабындыра түседі.

Сондай-ақ Денсаулық сақтау министрлігі аурудың алдын алу туралы кеңестерімен бөлісті.

«Түрлі мәдени іс-шараларға қатысуды шектеп, бассейіндер мен ойын алаңдарына сауда орталықтарына баруды шектеу қажет. Тазалық сақтап, бөлмені жиі желдетіп, ылғалды тазалық шараларын ұдайы жүргізіп отырған жөн. Сондай-ақ профилактикалық мақсатта дәрігерге жиі қаралып отырған дұрыс. Тек қайнатылған су ішкен жөн»,-дейді ведомство өкілдері.

Пікір қалдырыңыз