Ақтөбеге Еуро-5 стандартымен жүретін 70 автобус жеткізілді

Ақтөбеде мүгедектер үшін ыңғайлы қоғамдық көліктер қаладағы маршруттарға жіберілді. Барлығы 70 автобус ескі қоғамдық көліктерді алмастырады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласы үшін бүгін автобустардың жеткізілуі жақсы жаңалық болды. Сыйымдылығы 56 жолаушыға арналған автобустар Қостанайда құрастырылған. Жергілікті әкімдік тапсырыс беріп, 5 жылға лизингке сатып алды. Ай сайын түскен қаржы шығынды өтеуге жұмсалады.

«Ақтөбеліктерді көп толғандыратын мәселенің бірі – қоғамдық көлік. Көліктің дер кезінде келуі, ішіндегі тазалық, сапасы алаңдатады. Халықтың ренішін жақсы түсінеміз. Себебі де белгілі. Бізде екі компания жұмыс істейді. Бірі жеке меншікте, екіншісі мемлекеттік. Барлығы 58 бағыт бойынша 438 көлік қызмет етіп жатыр. «Автопарк» ЖШС-нің жұмысы өте нашар. Көліктердің жағдайы нашар, жаңасы алынбаған. Кейде қолданылғанына 30-40 жыл болған «ПАЗ» жүреді. Ол дұрыс емес. Біз автобус паркін жаңартуымыз керек», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, өткен жылы жолаушылар тасымалымен айналысатын мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорын 50 автобус алды. Бұл жолы Еуро-5 стандарттарына сай келетін 70 экологиялық таза автобус шығарылды. «Қазақстандағы даму банкі — Лизинг» АҚ арқылы автобустар 5 жылға лизингке алынды. 7 пайыздық үстемеақысы бар.

«ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша жоба алғаш рет іске асырылды. Облыс әкімдігі де көмектесті. Бұл жобаға 2,1 миллиард теңге бөлінді. Оның 70 пайызы лизинг, 30 пайызы «Табыс» ЖШС-нің үлесі болып тұр. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясындағы пилоттық жоба Ақтөбеден басталды. Енді өзге өңірлердегі автопарктер жаңғырту жұмыстарын жүргізе алады. Бұл мақсатқа биыл 20 миллиард теңге қарастырылған», — «Қазақстандағы даму банкі — Лизинг» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Байбазаров.

Жаңа автобустар газбен жүреді. Бұл автобустар №52, 8А маршруттарға жіберіледі. Сонымен қатар бүгін 10 мектеп автобусы да пайдалануға берілді.

Пікір қалдырыңыз