Ақтөбе облысында қол добынан ел чемпионаты өтіп жатыр

19 маусым, сейсенбі күні Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында жасөспірім қыздар арасында қол добынан Қазақстан Республикасының чемпионаты басталды.

Чемпионаттың салтанатты ашылуына аудан әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов, Ақтөбе облысы бойынша қол добы федерациясының президенті Болат Оразалин қатысып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі.

«Қандыағаш қаласында қол добынан мұндай көлемдегі біріншілік екінші рет ұйымдастырылып отыр. Бұл спорт түрі қаламызда жақсы дамыған және облыстың базасы осы жер деп айтуға болады. Себебі, Ақтөбе облысының атынан шығып жүрген «Намыс» командасының негізгі ойыншылары Қандыағаш мектебінен шыққан тəрбиеленушілер. Қазіргі таңда Әсемгүл Амангелді, Әсем Мырзағұл деген қыздарымыз қол добынан жастар арасындағы ҚР құрама командасының беделді ойыншыларының бірі», — деп атап өтті Мұғалжар ауданы әкімінің орынбасары Бекболат Құлмағамбетов.

Чемпионатқа барлығы 144 ойыншы келді. Атап айтқанда, Астана қаласынан, Алматы, Ақмола, Қостанай, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан Қарағанды (2 команда) облыстарынан, және Қандыағаш қаласынан 9 команда өзара бақ сынап жатыр. Жарыс 25 маусымға дейін созылады.

Пікір қалдырыңыз