Ақтөбедегі бес баласы бар жесір келіншекке мешіттен тұрақты көмек көрсетіледі

Маусым айының 8-і күні Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінде 10 отбасыға 400 000 теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Көмек мешітке түскен қайырымдылық садақалар мен пітір есебінен жасалып келеді. Сонымен қатар, игі іске жергілікті кәсіпкер Нағым Қобыландин және аудандық жастар орталығы да үлес қосты. Әлеуметтік жағдайы төмен 10 мұқтаж отбасының әрқайсысына 30000 теңгеге азық-түлік және «Asel» маркалы пештер үлестірілді. Соның ішінде, ұн, шекер, шай, тәтті, печенье, көкөністер секілді ең алғашқы қажеттіліктегі азық-түліктермен қамтылды.

Көмек алған отбасылардың ішінде жалғызбасты ана Алмагүл Әлжанова да бар. Ол бес баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрады, жұмыссыз. Ауданның бас имамы Бақыт Тойшыбаевтың айтуынша, осы аталған отбасыларға алдағы уақытта азық-түлікпен тұрақты түрде көмек көрсетіліп отыратын болады.

Дәл осындай қайырымдылық шарасы Ақтөбе қалалық орталық мешітінде өтті. Мешіт атынан қаладағы жағдайы төмен 6 отбасыға 717 кг көлемінде азық-түлік үлестірілді. Одан бөлек тағы да 3 отбасыға 94 000 теңге қаржылай көмек берілді. Соның ішінде, 30 000 теңге жалғыз басты ананың пәтерақысын өтеуге берілсе, 64000 теңге сырқаттанған қос қарагөздің ем-домына жұмсалды.

Пікір қалдырыңыз