Сапарбаев ақтөбелік дәрігерлерге медицинаны бизнеске айналдырудың жолдарын үйретті

Медициналық кластерді дамыту тақырыбындағы кеңейтілген отырысқа қатысқан облыс басшысы дәрігерлерге жаңа тапсырмалар берді.

«Біздің облысымыздың денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында көптеген жұмыстар жасалып жатыр. Мамандарымыздың сауаттылығын қосымша арттыру және тәжірибе алмасу мақсатында алыс-жақын шетелдерден танымал дәрігерлерді шақыртып, тегін операциялар жасатып жатырмыз.

Біздің базамыз бен дәрігерлеріміз өте мықты, құрал-жабдықтарымыз да көршілес мемлекеттерден осал емес. Біз соны толықтай пайдаланып, облыс тұрғындарына жан жақты қызмет етуіміз қажет. Олар емделу үшін басқа мемлекеттерге барып, қаржысын сыртқа шашпауы тиіс. Қайта бізге шетелдіктер келіп емделіп, денсаулықтарын дұрыстауы қажет. Медициналық бизнесті дамытудың негізі осында жатыр», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбедегі медициналық кластерде әлем дәрігерлерінің қатысуымен 3 мыңнан аса ота жасалған.

«Жыл басталғалы Ақтөбе медициналық орталығында 10 мыңнан астам пациент емделді. Оның ішінде 6 мыңнан астам ересектер болса, 3 мыңнан астамы балалар. 3426 науқасқа операция жасалды. 5 ай ішінде медициналық кластерді дамыту бағытында Оңтүстік Корея, Ресей, Беларусь, Түркия, Германияның білікті мамандарының қатысуымен 14 шеберлік-кластары өткізілді. Адам ресурстарын басқарудың заманауи технологиялары бойынша 4 көшпелі оқыту өтті, — деді Әсет Қалиев.

Пікір қалдырыңыз