Ақтөбеде жағымсыз иістің шығу себептері тексерілді

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов бастаған жұмыс тобы жағымсыз иістің шығу себептерін анықтауға кірісті. Жыл басынан бері Ақтөбе қаласында екі рет ауаның ластануы тіркелді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қаладағы жағымсыз иіс мәселесін шешу үшін «Ақбұлақ» АҚ, төтенше жағдайлар қызметі, прокуратура мен «Қазгидромет» РМК-нің облыстық флилиал өкілі шақырылды.

«Ауаның сапасын анықтау кезінде жыл өткен сайын ластану дерегінің азайғанын көріп отырмыз. Күкіртті сутекпен ластану дерегі 2016 жылы 300-ден асса, 2017 жылы 144 дерек тіркелді. Биыл аздаған мөлшерде көміртек тотығының асқаны байқалды»,- деді «Қазгидромет» РМК-нің облыстық флилиал директоры Серік Ибраев.

Дегенмен бұл мекеме үнемі иіс шығатын Батыс-2 ықшам ауданын бақылай алмайды. Себебі, бұл аумақта бақылау бекеті жоқ.

«Ақтөбе қаласында ауаның ластануына байланысты жұмыс тобы құрылды әрі облыс әкімінің қатаң бақылауына алынды. Біз «Қазгидромет» РМК-нің облыстық флилиалына тиесілі 6 бекеттен мәлімет аламыз. Биыл қалалық қоқыс полигоны өртенген кезде иіс шықты. Қалалық әкімдік 2 күн бойы жұмыс істеп, иіс көзі жойылды»,- деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Кәріз суын тазалау ғимаратында ылғалды кедергі құрылғысы жұмыс істеп тұр. Иісті ұстап тұру үшін химиялық ерітінділер қосылған су шашырап тұрады. Бұл жұмыстарға 47 миллоион теңге жұмсалды. Кәріз суын тазартатын сүзгілер орнатылып, үш су ағызу станциясы салынды.

«Шағын және орта бизнес иелері кәріз құбырына ағынды суды жібермес бұрын сүзгі орнатуы керек. Бірақ бұл талап көбіне сақталмайды. Тексеру кезінде 100-ден астам заңбұзушылық анықталса, оның 60-ы жойылды»,- деді Қайрат Бекенов.

Айта кетейік, спирт зауыттары да жаңа қондырғы орнатып жатыр. Ақтөбе облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұловтың айтуынша, әлі де арақ-шарап зауыттанынан шыққан қалдық пен өндірістік қалдықтардың ауаға кері әсері бар.

Пікір қалдырыңыз