Ақтөбеде онкологиялық дертті анықтау мерзімі он есе қысқарды

Көрнекі сурет: Podrobnosti

Ақтөбеде аурухана жанынан 5 кереует берілді. Онкологиялық дерт болуы мүмкін деген күдік болса бірден ауруханаға жатқызылып, 4-5 күнде нақты диагноз қойылады.

«Ақтөбе медициналық орталығы екінші жыл жұмыс істеп жатыр. Медицина кластерін дамыту мақсатында қосымша құрылыстар жүргізіліп, ересектерге арналған кереует қорын 320-дан 380-ге дейін өсірдік. Бүкіл батыс өңіріне арналған респираторлық қолдау және орнитологиялық орталықты ұйымдастыруды қолға алып отырмыз. Келесі жылы қаңтарда орталық жұмысын бастайтын болады. Балаларға арналған стационарда да кереует орны кеңейді. Дегенмен облыста онкологиялық диспансер жоқ. Медицина университетінде медициналық орталық жұмыс істеп тұр. Биыл облыстық аурухана жанынан диагностика кабинеті ашылды. Қазір бес кереует жұмыс істеп тұр. Бес айда 60 науқас қаралды. Сараптама жүргізіп қарағанда науқастардың емхана мен онкологиялық медициналық орталық арасындағы жүріс азайды. Диагноз қою үшін 3-4 ай уақыт кетсе, қазір күдік болса ауруханаға жатқызып, барлық анализін алып, 4-5 күнде анықтаймыз»,- деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

Өңірде білікті мамандарды жұмысқа шақыру, оларды баспанамен қамтамасыз ету де бір жолға қойылған.

«Ең негізгі мәселе мамандарды тарту, біліктілікті арттыру. Биыл медициналық орталыққа 36 дәрігер жұмысқа орналасты. Басым бөлігі медициналық университет түлегі. Сонымен қатар Атырау, Қызылорда, Астана, Алматы қалаларынан 11 медицина қызметкері Ақтөбеге көшірілді. Үй беру мәселесі де шешіліп жатыр. Барлығы 5 пәтер берілді»,- деді Әсет Қалиев.

Пікір қалдырыңыз