Ақтөбе облысында жас дәрігер аттан құлаған баланың өмірін сақтап қалды

Жарақат алған балаға ота жасау барысында жас маман телефон арқылы іссапарда болған бас дәрігерінен кеңес алып отырған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

19 сәуір күні Ырғыз ауылынан 100 шақырым қашықтықта орналасқан Қарасай ауылында бала аттан құлап, денесінің ішкі мүшесін жарақаттап алған. Ішіне қан кетіп жатқанын баланың өзі де сезбеген. Ол үйіне келіп, бірден төсек тартып қалды. Ата-анасы күдіктеніп, баланы жергілікті емханаға апарған. Ол жақтағы мамандар науқасты бірден Ырғыздың орталық аудандық ауруханасына жеткізді. Сол сәтте жас хирург тәуекелді өз мойнына алып, батыл әрекетке көшкен. Себебі уақыт тым аз болды.

«Қарасай ауылы ̶ жан-жағын көл қоршаған ауыл. Жолы да жоқ. Қайықпен әкелген. Баланы бізге әкелген сәтте мен бір науқастың аппендицитіне ота жасап, қолым енді босап жатыр еді. Басында баланың ауырып отырған себебі белгісіз болды. «Мана ішім ауырды, енді басым айналып отыр» деді. Әуелі невропатолог қарады. Кейін УЗИ-ге түсірдік. Нәтижесіне қарасақ, ішінде қан кету белгілері көрініп тұр. Іссапарда жүрген бас дәрігеріме хабарластым. Кейін сан-авиациялық көмек сұрау үшін Ақтөбедегі балалар хирургына қоңырау шалдық. Баланың өмір сүру көрсеткіштері төмен әрі жолдың қашықтығына байланысты уақыт тығыз болды. Тәуекелді өз мойныма алдым», — дейді 27 жастағы хирург-маман Дәуірхан Тағыбергенов.

Ота жасап жатқан сәтте жас дәрігер телефон арқылы бас дәрігерінен кеңес алып отырған. Ота сәтті аяқталды. Қазіргі таңда бала сау, уақытылы тексеріске келіп тұрады.

«Өмірімде мұндай отаны тек 2-3 рет қана көрдім. Онда да тек ассистент ретінде сыртынан қарап тұрдым. Бұл жолы отаны өзім жасадым. Жедел жәрдемде қорқу дегенді ұмытамыз. Науқасты аман алып қалсақ деген ой ғана болды. Студент кезімде алған теория мен өмірдегі тәжірибе екі бөлек нәрсе», — дейді аудандық ауруханада 2 жыл хирург болып жұмыс істеп жүрген Дәуірхан.

Қамбар Мұқашев, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз