Сапарбаев: Таңда емханаларға барып, кезек күту болмауы керек

Ақтөбе медициналық кластерін дамыту кезінде цифрландыруға көп мән беріледі. Мобильді қосымша арқылы дәрігердің қабылдауына жазылып, дер кезінде қаралу адамдардың уақытын үнемдейді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе медициналық орталығында кластерді дамыту, 5 айдың қорытындысы айтылды. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев медицина саласын цифрландыру үшін алғышарт жасалғанын, әлі де дамытуды қажет ететінін жеткізді. Яғни, кез келген адам мобильді қосымша арқылы дәрігер қабылдауына жазылып, белгіленген уақытта емханаға барады.

«Адамдардың ауру тарихы, өзге анализ қорытындылары электронды түрде болуы керек. Адами фактор неғұрлым аз болса, соғұрлым жұмыс тез жүреді, әкімшілік құқықбұзушылық, жемқорлық аз болады. Цифрлық технологияға қаржы табылады. Тек арнайы ұсыныстар болуы керек. Бастысы — таңда емханаларға барып, кезек күту болмауы тиіс»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Биыл Ақтөбе медициналық орталығында 10 мыңнан астам адам емделді. Оның басым бөлігі ересек адам. Сонымен қатар, 800-ден астам жоғары технологиялық қызмет көрсетіліп, Ақтөбе қаласына Атырау, Маңғыстау, Қызылорда облыстарынан дертіне шипа іздеген адамдар келе бастады. Жұмыс әрі қарай жалғасады. Бірақ медицина қызметкерлерінің мәдениеті үнемі бақылауда болады.

«Медициналық кластерді дамыту үшін есік алдында тұрған адамнан бастап медбике, дәрігердің мәдениет, тәртібі, әдебін дұрыстау керек. Шетелде кіргеннен күліп қарсы алады. Науқастың 30 пайызын жақсы сөзбен, мейіріммен емдеуге болады. Өкінішке қарай, кейбір медицина қызметкерлері өте дөрекі болып жүр. Бұл бізге абырой бермейді. Соңғы кездері шағым аз, бірақ емхана, пертзентханада мәселе кездесіп тұрады»,- деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, Ақтөбеде адамдардың өмір сүру ұзақтығы 8 айға көтеріліп, 73 жас 5 айды құрады. Туу көрсеткіші де артты.

Пікір қалдырыңыз