Қытаймен бірлескен жобаларға жұмсалатын қаражат мемлекеттік қарыз емес — Нұрсұлтан Назарбаев

Қытаймен бірлескен жобаларға жұмсалатын қаражат мемлекеттік қарыз емес. Бұл туралы бүгін Қытайға мемлекеттік сапарын қорытындылап, қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қытай бұрын арзан тауарларды сыртқа шығаратын ел саналып келсе, енді қазір нағыз технологиялық бүгінгі заманға сай, алдыңғы қатарлы ғылыми тауарларды шығарайын деп отыр. Шынында кейінгі 40 жылдың ішіндегі өсу, өркендеу қарқыны өте үлкен. Қазірдің өзінде АҚШ-тан кейінгі екінші экономика болып отыр. Тек қана ол емес. Іс жүзінде цифрландыру, компютерлендіру, жалпы қай жағынан алып қарасаң да алдыңғы қатарлы болып келеді. Батысқа бізде жоқ технологияларды алуға баратынбыз. Қазір қытай технологиясы батыспен тартысқа түскенде кем болады деп айта алмаймыз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы индустриаландыру бағдарламамызды орындау үшін оған қондырғылар, экспортық тауар шығаратын зауыттар салуымыз керектігін айтты. Осы мақсатта Қытаймен жалпы сомасы 28 млрд долларды құрайтын бірлескен 51 нысан салу көзделген. Оның 4-еуі іске қосылды, алтауы биыл пайдалануға беріледі. 11-і бойынша жұмыс жасалып жатыр. Келесі жылы тағы 18-і қолға алынады.

«Айтпақшы, журналистер сендер бұл нысандардың қай жерде салынған, не істеп жатқанын қадағалап отыруларыңыз керек. Бір жағынан бұл нысандар кішкентай, екінші жағынан өте маңызды. Мәселен, цемент зауыты немесе Қостанайдағы автомобиль зауытын алайық. Сапар аясында Аллюр зауытына қытайлық капитал 49 пайызбен кіріп, 1,1 млрд доллар инвестиция құяды деп келісілді. Автомобиль өндірісі 100 мың данаға жетеді. Осымен бітпейді. Мен барлық бөлшектер елімізде шығарылуы тиістігін айттым. Демек, мұның барлығы да біздің кәсіпорындарда жасалады», — деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Елбасы осы жолғы мемлекеттік сапар аясында екі елдің іс адамдары арасында 40 жобаны жүзеге асыру туралы келісімге қол қойылғанын айтты.

«Осының төңірегінде халыққа түсіндіріп кететін мәселелер бар. Бұл жобалардың барлығы да мемлекет есебінен жүзеге асырылмайды. Бұл мемлекеттік қарыз емес. Бұл кәсіпорындар арасындағы жұмыс. Мәселен ENRC алюминий зауытын бірлесіп салып жатыр. Компания бұл жоба үшін жауап беріп, ақшаны өзі төлейді. Баяғыдан осылай жұмыс істейміз. Сол сияқты «Қазақмыс» өнімін экспортқа шығарып, түскен қаражат есебінен қарызын жабады», — деп түсіндірді Қазақстан Президенті.

Пікір қалдырыңыз