Ақтөбелік оқушылар Ресей мен Өзбекстанның жазғы лагерьлерінде тынығады

Ақтөбе қаласының жүздеген оқушысы көрші мемлекеттердің жазғы лагерьлерінде тынығады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев оқуда, спортта үздік оқушыларға арнайы сертификаттар табыс етті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысындағы мектеп оқушыларына Татарстанға 5, Орынборға 120, Өзбекстанға 100, Шығыс Қазақстанға 400 жолдама берілді. Барлағы 625 бала сауықтыру, зияткерлік, ойын-сауық лагерьлеріне барады. Облыстық «Бақытты бала» акциясында дарынды балаларды қолдау үшін Татарстанның Қазан қаласындағы компьютерлік лагері де таңдалған. Бұл жолдама республикалық және халықаралық жарыстардың жеңімпаздары Кирилл Мысник, Әли Ақылбек, Бибізейнеп Тыныштықбай, Рахман Әбдірашев секілді балаларға бұйырды.

«Қобда ауданынан Орынбордағы лагерьге 2, Шығыс Қазақстанға 10 оқушы барады. Оқуда, спортта үздік балалар жіберіледі. Бұрын мұндай жолдама берілген жоқ. Бірінші рет оқушыларға ұсынылды», — деді Қобда ауданының өкілі Арман Қалдығұлов.

Ал М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының оқушысы Бибізейнет Тыныштықбай Татарстанға барады.

«Біз баратын лагерь робототехника саласына бағытталған екен. Осы салаға қызығушылық танытып отырмын. Өзім мектепте облыстық, республикалық, халықаралық робототехника байқауларына қатысып, бірінші орын алып жүрмін. Пікірсайысқа да қатысамын. Болашақта ІТ-маман болғым келеді», — деді ол.

Пікір қалдырыңыз