Сапарбаев Орынбор облысының бірнеше жобасына қызығушылық танытты

Бүгін Орынбор облысының күндері өтіп жатыр. Көрші елдің дамуымен танысқан өңір басшысы Бердібек Сапарбаев бірнеше жобаға қызығушылық танытты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық өсімді сақтауға тапсырма берді. Бірінші тоқсанда 4,5 пайыз өсім болды. Жыл соңында 5 пайыз болуы тиіс. Орынборда инвестиция тарту жұмысы жақсы қолға алынған екен. Бізде 2 миллиард доллар болса, Орынборда екі есе көп. Өткен жылы Орынбор 900 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға берсе, Ақтөбе 800 мың шаршы метрден астам тұрғын тапсырды. Өкінішке қарай, жасыл экономика жағынан артта қалып келеміз. Орынбор күн энергеясынан 200 Мвт қуат салса, бұл өте жақсы жоба. Қазақстанның да басты мақсаты –жасыл экономиканы дамыту. ЭКСПО халықаралық көрмесі де осы тақырыпта өтті. Ақтөбеде де жел, күн, су қуаты бар. Орынбордан тәжірибе алуымыз тиіс», — деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев.

Сонымен қатар, Орынборда «Кәсіпкерлерге арналған жедел жәрдем» жобасы бар. Мемлекеттік орган қызметкерлері, прокуратура секілді бірнеше жауапты мамандар жиналып, кәсіпкерлерді қабылдайды.

«Кәсіпкерлерге арналған жедел жәрдем жобасы да ұнады. Бізде де аудан, ауылға барып, мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы жолдары түсіндіріледі. Егер жедел жәрдем бағытында болса, кәсіпкерлерге көп көмегі тиер еді. «Тәлімгер» жобасы да жақсы. Білімді, тәжірибелі адамның бар мүмкіндігін пайдаланып, жас маманның біліктілігін арттыру маңызды екенін естен шығармай, кәдеге асыру керек. Ал мемлекеттік-жекешелік серіктестік бағытына келсек, Ақтөбе тек әлеуметтік саладағы жобаларды іске асырып жатыр. Ал тұрғын үй-коммуналдық саласына келер болса, бірнеше ауылға газ құбырын тартамыз. Мен үй-коммуналдық саласындағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту жобасын қарауды жөн көремін», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Кездесу кезінде қонай үй бизнесінің де кенже қалғанын жасырмады. Ал Орынборда таяуда бес жұлдызды қонақ үй пайдалануға беріледі.

Пікір қалдырыңыз