Сапарбаев: Автобус жолақысын көтерсек, тұрғындар наразы болуы мүмкін


Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Тимур Құлыбаевтың алдында не себептен автобус жолақысын көтеруге рұқсат бермей отырғанын түсіндірді.

Кеше Тимур Құлыбаев жұмыс сапарымен Ақтөбе қаласына келіп, Кәсіпкерлер палатасының Өңірлік кеңесінің отырысына қатысты.

Жиында жолақыны көтеру жөнінде «Автопарктың» өтініші айтылды.

«Осы автобус паркі шағым айтып отыр. «Егер жолақыны көтермесек, ертең бұл үлкен мәселе болады, жаңа автобус, құрал-жабдық пен жанармай алуға ақша жетпей жатыр» дейді автобус паркінің өкілдері. 2015 жылдан бері тариф көтерілмеген», — деді өңірдегі кәсіпкерлердің құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Есімхан Құрманғазин.

Мұндай мәселенің барлық облыста бар екенін айтқан Кәсіпкерлер палатасының Төралқа Төрағасы Абылай Мырзахметов ортақ әдіснаманың жоқтығын тілге тиек етті.

«Президент мемлекеттік меншік үлесін азайту керек деп айтып жатыр. Бірақ жеке тұлғалар муниципиальдық банкті сатып алып, кейін оны қалай қамтамасыз ету керектігін білмей қалады. Сондықтан нақты бір әдіснама керек. Мамыр айының соңында әдіснаманы таныстыру үшін жұмыс тобы жасақталады деп премьер-министрмен келістік», — деді Абылай Мырзахметов.

Ал өңір басшысы Бердібек Сапарбаев «Автопарктің» өз міндеттерін орындамай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, жолаушы тасымалдайтын мекеме соңғы 10 жылда бір де бір автобус сатып алмаған.

«Олар үнемі жолақыны көтеру мәселесін айта береді. Жолаушы тасымалдауда тиісті жағдай жасалса ғана тарифті жоғарылатуға дайынбыз. Мәселен, ПАЗиктер. Қазір басқа облыс орталықтарында ПАЗиктер жоқ. Ал бізде олар әлі жүр. Егер қазір тарифті көтерсек, «автобустар нашар, уақытында жүрмейді, неге қымбат төлеуім керек» деп тұрғындар наразы болуы мүмкін. Абылайдың айтқаны дұрыс. Әдіснама арқылы жұмыс істейік», — деді облыс әкімі.

Пікір қалдырыңыз