Ақтөбенің Бекқұл баба ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды

Ақтөбе қаласынан 25 шақырым қашықтықтағы Бекқұл баба ауылының адамдары ем үшін облыс орталығына келмейтін болды. Бүгін ауылда дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Бекқұл баба ауылының тұрғындары бұған дейін Қарғалы қалалық ауруханасы қаралып жүрді. Ауылда тек медбике қызмет көрсетіп, медициналық тексеруден өтуге келгендердің бәріне жолдама беріп отырған. Жаңа медициналық орталық адамдардың уақытын үнемдеп, тиімді емді тез алуға септігін тигізеді.

«Ауылдағы 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсететін медициналық мекемеге көрші Өлке, Белогор ауылдары мен жеке шаруашылықтардағы адамдар келеді. Адамдар күн сайын 25 шақырым жүріп, қалаға келе алмайды. Енді жергілікті жерде алғашқы көмекті қабылдай алады. Ем шара бөлмесі, күндізгі стационар қызмет көрсетеді. Қан тапсырып, акушер-гинекологтың қабылдауында болады», — деді Қарғалы қалалық ауруханасының бас дәрігері Алтынбек Жаңабаев.

Медициналық амбулаторияда 10-ға жуық адам жұмыс істейді. Бір ауысымда 50 адамға қызмет көрсететін амбулатория мамандары түнде шақыру болса, алғашқы көмек көрсетуге әзір. Мұнда ЭКГ, зертханаға қан тапсыру бөлмесі қарастырылған.

«Қарғалы қалалық ауруханасына бару біз үшін қиын. Медбикеден жолдама алып, облыс орталығына қараламыз. Енді баламызбен алысқа бармай, шаршамай ауыл дәрігерінен ем аламыз», — деді ауыл тұрғыны Күлпан Байсақалова.

Ауылдағы дәрігерлік амбулаторияның ашылуына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.

«Құтты болсын айтамыз. Ауылдың барлық мәселесін білеміз. Көпір салынды, дәрігерлік амбулатория ашылды. Ауыз су мәселесі де көтеріліп жатыр. Бәрі шешімін табады. Бастысы – аман болыңыздар», — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, өткен жылы Ақтөбеде мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында дәрігерлік амбулатория салу жұмысы басталды. Өңірде 21 медициналық мекеме салынып, оның 19-ы пайдалануға берілді.

Пікір қалдырыңыз