Құтқару қызметі: Ақтөбеде суы тізеден келетін жағажайларда адам өлімі жиі болады

Суға шомылу маусымы жақындағанын айтқан құтқару қызметі тұрғындарды сақ болуға шақырды. Мамандар тыйым салынған жерлерде суға түсудің қауіпті екенін ескертеді. Себебі, тізеден келетін орындарда адам өлімі жиі тіркеліп келген.

«Өрлеу ауылына барар тұстағы көпір асты, Тұрғындар қалашығы ауданындағы бөгет, Жилянка ауданындағы көпір аумақтары қауіпті. Ол жердегі су тізеден ғана келеді. Бір қарағанда қауіпсіз болып көрінеді. Бірақ ол жерлерде қауіпті ойықтар, ағыс бар. Жылда осы орындарда суға кетіп қалатындар саны азаймай отыр. Сонымен қатар, Ақтөбе су қоймасының рұқсат етілген жерінен басқа аумақтарының барлығы қауіпті саналады. Біз мұны тұрғындарға жиі хабарлап отырмыз. Қауіпсіздікті ескермейтіндер көп», — дейді «Жедел құтқару жасағы» ММ кезекшілік-диспечерлік қызметінің басшысы Оксана Кичигина.

Облыста өткен жылдан бастап коммуналдық жағажайлар жұмыс жасап тұр. Еріктілердің көмегімен құрылған 25 коммуналдық жағажайларда келушілер ақысыз демалған. Судан құтқару қызметі биылғы жылы да ақысыз жұмыс жасайтын жағажайлар санын көбейтпек.

«Құтқару станцияларының жауапты аймақтарында ақылы демалысқа балама ретінде ақысыз түрде жұмыс жасайтын қоғамдық жағажайлар ұйымдастыру үшін 2 жер учаскесі бөлінген. Бұл шара судағы өлім санын азайтуға әсер етеді», — дейді Кичигина.

Шомылу маусымында Ақтөбеде 3 судан құтқару орталығы жұмыс жасайтын болады. 65 құтқарушы маман бар.

Пікір қалдырыңыз