Кәсіпкерлік әліппесін үйренген ақтөбеліктер бизнес жобаларын қорғайды

Ақтөбеде «Бастау» бағдарламасы аясында 500-ге жуық адам білім алды. Енді олар бизнес жобаларын қорғап, үздігі кәсіп бастау мүмкіндігіне ие болады.

Бір ай бұрын Ақтөбенің 12 ауданы мен қалада «Бастау» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін үйренгісі келген адамдар дәріске қатысты. Бүгін олар бір ай бойы дайындаған бизнес жоспарын қорғайды. Арнайы комиссия өңірге қажетті, өміршең жобаларды таңдап, кәсіпті бастау, тауарды өткізу, нарықты зерттеу тетіктеріне тоқталады.

«Жоба бойынша 2018 жылы 2 231 адамды оқыту жоспарланып отыр. Оның 446-на жобаны қаржыландырудан бастап, жүзеге асырылғанға дейін қолдау көрсетіледі. «Бастау» жобасы аясында Ақтөбе облысының 12 ауданында бірінші топ бойынша 445 адам оқыды. Оның ішінде 150-ге жуық адам облыстық комиссия алдында жобаларын қорғайды. Бағдарлама бойынша қаржыландыру үшін 2,3 млрд. теңге қарастырылған. Осы жылдың тамыз айында қосымша 1,5 млрд. теңге бөлу жоспарланып отыр. Курстардан өткен қатысушылар Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры мен шағын несие ұйымдарынан қаржы ала алады», — деп хабарлады облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметінен.

Айта кетейік, «Бастау» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының бастамасымен Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының екінші бағыты аясында жүзеге асырылып жатыр.

Пікір қалдырыңыз