Бүгін мың айдан да қайырлы Рамазан айы басталды

Ақтөбе облысының бас имамы Төлеби Оспан Рамазан айына қатысты баспасөз мәслихатын өткізді. Өкіл имам қасиетті аймен құттықтап, барша мұсылманды бұл айда құлшылықта өткізуге шақырды.

«Қасиетті Рамазан айымен барша ақтөбеліктерді құттықтаймын. Алла тағаланың жақсылығын, рақымын, мейірімін жауғызатын берекелі ай келді. Бұл айда мұсылман жұртшылығы мейлінше игі істерін жасауға тырысады. Теріс қылықтарынан арылуға, нәпсісін тежеуге, күш алуға мүмкіндік беретін ай. Бұл айдың күндізінде бізге ораза ұстауды парыз етсе, түндерінде намаз оқуды тапсырды. Бұл айда бір парызды орындаған адамға «70 парыз орындады» деп жазылады екен. Және Рамазан айында ауыз аштырған кісіге ауыз бекіткен кісінің сауабын береді. Бір жұтым су, бір құрмамен болса да ауыз аштырған адам сондай сауапқа кенеледі. Пайғамбарымыз осы айдан төрт нәрсені орындауды сұраған: «Алладан басқа Тәңір жоқ» деген сөзді көбірек айтыңыздар, Алладан кешірімді көбірек сұраңыздар және өзіңіз үшін, отбасыңыз үшін екі нәрсе: жәннатты, тозақтың отынан сақтауды сұраңыздар», — деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.

«Нұр Ғасыр» облыстық мешіті қасиетті Рамазан айын жоғары деңгейде атап өтуге дайын. Қаладағы 7 және ауылдардағы 11 мешітте киіз үйлер тігіліп, ауызашар дастарханы жайылады. Сонымен қатар «Отыз күнде отыз сауап» қайырымдылық шарасы қолға алынады.

«Ақтөбе облысындағы 67 мешіт жамағатқа қалтқысыз жұмыс жасауға дайынбыз. Пітір садақа мөлшері Қазақстан бойынша жан басына 300 теңге болып бекітілді. Рамазан айының алғашқы күнінен бастап, Ораза айт намазына дейін беріледі. Пітір садақасын жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға және білім жолындағы студенттерге беру де үлкен сауап саналады», — дейді имам.

Қасиетті Қадір түні маусымның 11-інен12-іне қараған түні деп белгіленген.

Көрнекі фото: Mazhab.kz

Пікір қалдырыңыз