Биыл Қазақстанда оқушылардан болашақ мамандықтарын анықтау үшін жаппай сынақ алынады

Жетінші класс оқушыларының туа біткен қабілеттері анықталады. Бұл туралы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілі Эльдар Жұмағазиев хабарлады.

Оның айтуынша, кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін Ұлттық палата мен Білім және ғылым министрлігі бірлесіп, жетінші класс оқушылары арасында жаппай емтихан өткізеді.

«Дипломы бар жұмыссыздар үлкен мәселе болып тұр. Яғни жастар өмірде өз орындарын таппайынша бірнеше білім ала береді. Осы орайда әлемдік тәжірибеге сүйеніп, мектеп жасындағы балалардың қабілеттеріне баға беретін боламыз. Білім министрлігімен келісіп қойдық. Қыркүйек айынан бастап, жетінші класс оқушыларының жаппай диагностикасын жүргіземіз. Бұл шамамен 2 мың бала.

Осының көмегімен нарыққа қандай адамдар келетінін анықтағымыз келеді. Олардың бойында қандай қабілеттер бар екенін білгіміз келеді. Осы бағытта оқу бағдарламалары өзгертіледі. Сондай-ақ, бұл білім беру заңының өзгеруін талап етеді», — деді Эльдар Жұмағазиев.

Көрнекі фото: vsluh.ru

Пікір қалдырыңыз