Ақтөбелік дін қызметкерлері Рамазан айындағы музей түнінде ислам әлеміне саяхатқа шақырады

Рамазан айында өтетін музей түнінде дін қызметкерлері рухани шара ұйымдастырмақ. Мәдени шара орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен облыстық «Руханият» музейінің бірлесе ұйымдастыруымен өтпек.

«Рамазан айының құрметіне және халықаралық музейлер күніне арналған «Ислам әлеміне саяхат» атты мәдени-рухани іс-шара өтеді. Кеш 18 мамыр күні, жергілікті уақытпен сағат 22.00-01.00 аралығында облыстық «Руханият» музейінде өтетін болады. Шара арқылы Рамазан айында жамағат пен жас ұрпақты рухани-ислами жәдігерлерімізбен таныстыру, діни қайраткерлердің ұлағатты өмірін үлгі етуі, діни нысандар тарихынан сыр шерту, өскелең өрендердің бойында ұлтжандылық, имандылық пен адамгершілік қасиеттерін сіңіру көзделген», — деді облыстың бас имамы Төлеби Оспан.

Іс-шара барысында 2017 жылдың маусым айында өткен «Аманат» экспедициясының қорытындысы бойынша республикалық «Тұран Тв» телеарнасы түсірген бейне фильмдердің көрсетілімдері, «Ақтөбе облысындағы ескі мешіттер» тақырыбындағы фотосурет көрмесі, Араб әліпбиімен өрнектеп жазудан шеберлік-сағаты, облыс әкімі Б.Сапарбаевтың бастамасымен 2018 жыл –«Балалар жылы» болып жариялануына орай жастарға рухани-имандылық тәрбие беру мақсатында «Исламдағы бала тәрбиесі» тақырыбындағы бейнероликтер көрсетілімі және «Қасиетті Ораза» тақырыбындағы кітап көрмесі өтеді.

Фото: Muftyat.kz

Пікір қалдырыңыз