Ақтөбе облысындағы 18 мешітте ораза ұстаушылар үшін дастархан жайылатын болады

Бұл туралы «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан хабарлады.

«Облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті осы Қасиетті Рамазан айын әдеттегідей жоғары деңгейде өткізуді жоспарлап отыр. Қала мен аудандардың 18 мешітінде қазақ халқының салт-дәстүрі бойынша киіз үйлер тігіліп, ауызашар дастархандары жайылады. Рамазан айына тән тарауих намазында Құран хатым түсіріліп, ораза айы рухани үгіт-насихат жұмыстарының алаңына айналады», — деді Төлеби Оспан.

Биылғы жылы көптен күткен Рамазан айы 17 мамырда басталады. Рамазан айы мұсылман күнтізбесі бойынша 29 күнге созылады. Маусымның 11-нен 12-не қараған түн — қасиетті Қадір түні деп жоспарлануда. 15 маусым — Айт мерекесі. Ақтөбенің барлық мешіттерінде Айт намазы 15 маусым күні сағат 07.00-де оқылатын болады.

Ораза кестесіне сай алғашқы күнгі таң намазының уақыты – жергілікті уақытпен таңғы сағат 03:15. Осы уақытқа 10 минут қалғанға дейін таң намазы басталғанша сәресін ішіп біту қажет екенін білдіреді.

Алғашқы күнгі ауызашар уақыты ақтөбеліктер үшін 20:59. Ауызды құрма немесе сумен ашуға болады.
Пітір садақа мөлшері – ҚМДБ-ның төралқа жиналысында 2018 жылы Қазақстан бойынша 300 теңге болып бекітілді.

Көрнекі фото: Mamaclub.kz

Пікір қалдырыңыз