Ақ үй АҚШ-Солтүстік Корея саммиті болады деп әлі де үміттенеді

Ақ үй Солтүстік Кореяның басшысы Ким Чен Ын мен АҚШ президенті Дональд Трамп арасында жоспарланған саммит Пхеньянның мәлімдемесіне қарамастан әлі де өтуі мүмкін деп үміттенеді. Бұл туралы Ақ үй баспасөз хатшысы Сара Сандерс АҚШ-тың Fox News телеарнасына берген сұхбатында айтқан. Баспасөз хатшысы сонымен бірге “келіссөздердің өте қатаң жағдайда” өтуі мүмкін екенін де жоққа шығармаған.

Оның сөзінше, АҚШ президенті кездесуге дайын, ал егер кездесу болмай қалса “әрі қарай қатты қысым жасай береміз” деген. Сандерстің мәлімдемесі Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасында 16 мамырға жоспарланған жоғары деңгейдегі келіссөздер тоқтағаны белгілі болғаннан кейін жасалып отыр. Екі Корея арасындағы келіссөз АҚШ пен Оңтүстік Корея арасында ортақ әскери жаттығуларына бола тоқтаған.

Пхеньян Сингапурда 12 маусымда өтуі тиіс саммиттің де болатынына күмән келтірген. Солтүстік Кореяның орталық телеграф агенттігі АҚШ пен Оңтүстік Корея арасындағы ортақ әскери жаттығуды “Корей түбегінің саяси дамуына қайшы арандату әрекеті” деп атаған.

Солтүстік Кореяның сыртқы істер министрлігінің өкілі Ким Геи Гван Пхеньян “өзінің ядролық қуатынан бас тарту туралы біржақты талаптарға негізделген келіссөздер жайында енді білгісі келмейді” деп мәлімдеген.

15 мамырда Пхеньян ресми мәлімдеме жариялап, 12 маусымға жоспарланған АҚШ-Солтүстік Корея саммитінен бас тартуы мүмкін екенін хабарлаған еді. Пхеньянның мәлімдеме жасауына АҚШ пен Оңтүстік Кореяның біріккен әскери жаттығуы себеп болған.

Пікір қалдырыңыз