Міндетті медициналық сақтандыру тиімді ме?

Г. Қожаниязова, «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының» Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры өзекті сұрақтарға жауап берді.

— Медецина саласында болып жатқан өзгерістер

— Күннен күнге елімізде халық саны артып келеді. Дәрігерлердің жетіспеушілігі,
мемлекеттік емханалар мен ауруханаларда мемлекеттік орынның тапшы болуы, салдарынан азаматтарымыздың медициналық қызмет пен дәрі-дәрмекке жұмсайтын қаражат мөлшері жылдан-жылға артуда. Есепке жүгінсек, 18 млн. қазақстандық жыл сайын қалтасынан 36 мың теңге жұмсайды екен. Яғни халық дәрі-дәрмекпен қоса жеке меншік клиникаларға жүгініп қалтасынан шығатын қаржының соммасын арттыруда. Енді осы мәселелерді ескере отырып, үкімет тарапынан бірқатар іс-шаралар қолға алынып, медицина саласындағы жұмыстарды реттеу бағдарламалары енгізілуде.

— МӘМС жүйесін сатылай енгізу

— Медицина саласы дамыған елдерде 50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келе жатқан МӘМС жүйесі елімізде сатылай енгізілуде. Мысалға, 2018 жылдың алғашқы күнінен бастап мемлекеттік тапсырысты орындауға ниет білдірген жеке меншік клиникалар қатары көбейді. Облыс бойынша тегін медициналық қызмет көрсететін 64 медициналық мекеме болса, соның 22-сі жеке меншік клиника. Медицина бизнесін мемлекеттік бағдарламаға енгізуде Ақтөбе облысы, Алматы, Астана, ОҚО, Шығыс Қазақстан өңірлерімен қатар жақсы нәтиже көрсетіп тұр. Темір жол ауруханасы, Еуразия, Медикер Елек, Дару және жеті клиника өзгеде қызметтермен қоса тұрғындарды тіркеп, халыққа тегін амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуде. Сонымен бірге Интертич, Әйгерім, Көзжарығы секілді қызметі елдің көңілінен шығып жүрген мекемелер кепілдендірілген тегін медициналық пакетіне кіретін қызметтердің көптеген түрлерін көрсете алады. Биылғы жылы тегін пакетке кіретін қызмет саны 1900 ге жуық. Қазақстан бойынша мемлекеттік, жеке меншік клиникаларды қоса есептегенде 1380 медициналық ұйым халыққа тегін қызмет көрсетуде. МӘМС жүйесінің көздегені де, тегін медициналық қызмет көрсететін жеке меншік клиникалардың санын арттырып, мемлекеттік пен медициналық бизнес арасында бәсекелестік алаңын орнату, ертеңгі күні сапалы медицинаға қол жеткізу. Дертті асқындырып алмас үшін емханалық қызметтің сапасын көтеріп, азаматтарды кез-келген аурудың алдын-алуға дағдыландыру. Денсаулығымызды күту, уақытылы қаралу бүгінгі күні медицина саласына жұмсалып отырған шығынды барынша азайтар еді. Статистикаға сүйенсек жұртшылық созылмалы ауруы әбден асқынып, шұғыл көмек қажет болғанға дейін қаралмайды. Елімізде жыл сайын 3 миллионға жуық адам ауруханаға түссе, соның 68 пайызы дәрігер көмегіне ауруын әбден асқындырып барып жүгінеді. Яғни, әрбір 10-шы отандасымыз өміріне қауіп төнген кезде ауруханаға түседі деген сөз. Тіпті, тегін көмек көрсетілген күннің өзінде олар бағасы қымбат болып келетін күрделі процедураларға қосымша ақы төлеуге мәжбүр болады. Шын мәнінде, тиімділігі жоғары, көп шығынды қажет етпейтін диагностикалық процедуралар арқылы мұның бәрінің алдын алуға болады. Биылғы жылы республика бюджетінен денсаулық сақтау саласына бөлінген 917 млрд теңгенің 318 миллиарды емханалық-амбулаторлық көмекке бағытталып, профилактикалық іс-шараларға басымдық берілді. Бір сөзбен айтқанда жоспарлы ем, шұғыл көмектен әлдеқайда арзанға түседі. Тегін емделу мүмкіндіктері жайлы толығырақ — Медициналық сақтандыру қорының FMS.kz сайтынан оқуға болады. Онда жеткізуші компаниялар мен тегін көрсетілетін мемлекеттік қызметтер тізімі де бар.

Пікір қалдырыңыз