Ақтөбедегі жағажайлар суға түсу маусымына әлі дайын емес

Бүгін баспасөз мәслихатын өткізген төтенше жағдай қызметінің өкілдері суға түсу маусымының тек 1 маусымда ғана басталатынын ескертеді. Судан құтқару қызметі маусымдық алдын алу шараларын бастап кеткен.

«Өткен жылы 22 адам суға кетті. Олардың 12-cі 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер. Балаларды қорғау күнінде үш бірдей бала суға кетіп қалған болатын. Біз қазіргі уақытта ескерту белгілерін мейлінше көп іліп жатырмыз. Мамандар тұрақты түрде су қоймаларының маңын бақылауда ұстайтын болады. Сондықтан тұрғындардан қауіпсіздік шараларын сақтауды сұраймыз. Бүгінгі күні бірде бір жағажай тексеруден өткен жоқ. Тек қана екі жағажай иесі ғана өтініш берді. Суға түсу маусымы басталар алдында әкімшілікпен тексеру комиссиясы құрылатын болады. Талапқа сай келмейтін жағажайлардың ашылуына тыйым салынады. Мұндай шаралар жылда 25 мамырдан кейін жүргізіледі», — дейді «Жедел құтқару жасағы» ММ кезекшілік-диспечерлік қызметінің басшысы Оксана Кичигина.

Мамандардың хабарлауынша, биылдан бастап облыс аудандарында ресми тіркелген жағажайлар жұмыс жасайтын болады.

«Судан құтқарушылар жылда оқытылады. Қазіргі уақытта бізде аудандағы жағажайлар да тексеріліп жатыр. Осыған дейін аудандарда арнайы жағажайлар болмайтын. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы билік өкілдерінің тапсырмасымен тұрғындарға тегін қызмет ететін ақысыз жағажайлар салынып жатыр», — дейді Кичигина.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 49 жағажай бар. Олардың 15-і қалада орналасқан.

Пікір қалдырыңыз