Ақтөбеде «Мен қазақпын» мегажобасының іріктеу кезеңі басталды

Ақтөбе облысының аудандарында «Мен қазақпын» мегажобасының іріктеу кезеңі басталды.18-40 жас аралығындағы күйші, термеші, дәстүрлі әншілердің үздігі 17 маусым күні Өнер орталығында анықталады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде «Мен қазақпын» мегажобасының іріктеу кезеңі Алға ауданынан басталды. Байқауды естіген аудан тұрғындары күй, терме, дәстүрлі ән номинациясы бойынша қатысты. Олар халық әндері «Әдемі-ау», «Ақтолғай», «Дүние-айды» орындап, Әбубәкірдің «Замана», Сәттіғұлдың «Әлеумет келдің алқалы-ай» термесін айтты.

«Бүгін Мұғалжар ауданында «Мен қазақпын» мегажобасы өтеді. Осы жолмен барлық ауданды аралап, мықтылар анықталады. Еліміз бойынша 14 аймақтың180-ге жуық аудан орталығы, ауылында іріктеу өтеді. Димпомы бар, музыкалық білім алған арнайы маман болуы шарт емес. Кез келген өнерлі адам бағын санап көре алады. Егер аудандағы іріктеу кезеңіне қатыса алмай, ниет білдірсе, қалада болатын байқау іріктеуінде өнер көрсетеді», — деді «Ақтөбе» телеарнасының директоры Ернұр Бурахан.

Ақтөбе облысы бойынша іріктеу кезеңі мамыр-маусым айларында өтеді. Байқауға домбыра, қобыз, сырнай аспаптарымен сүйемелдеумен ән, жыр айтатын 18-40 жас аралығындағы өнерпаздар қатысады.

«Өткен жылы «Мен қазақпын» мегажобасын көрген жас өнерпаздар қанаттанып, биыл қатысуға тілек білдіріп жатыр. Саз, өнер мектебінің белсенділігі жоғары. Мақсат – талантты анықтап, ұлттық өнерді дәріптеу, жас ұрпақты тәрбиелеу», — деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Қатысушыларға музыка мамандығын игеру талабы қойылмайды. Мәселен, Алға қаласында өткен іріктеу байқауына жұмыссыздар, күзетші, мұғалімдер де қатысты. Бастысы – дәстүрлі әнді нақышына келтіріп орындап, терме айтып, күйде еш қатесіз халыққа жеткізе білуі шарт. Байқаудың аудандардағы іріктеу кезеңі «Ақтөбе» телеарнасына түсіріліп, эфирден көрсетіледі.

Айта кетейік, өткен жылы республикалық байқау кезінде ақтөбелік күйші Ардақ Елеусіз жеңімпаз атанды.

Пікір қалдырыңыз