Ақтөбеде бетперде киіп, дүкен тонаған жас жігіттер сотталды

Ақтөбе қаласында бірнеше азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасаған екі сотталушыға үкім шықты. Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша айыпталған екі ақтөбелік бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша қылмыстық іс қаралды. Айыпталушылар Руслан Берекешов пен Асхат Бектеміров оңай пайда табу үшін қарақшылық шабуыл жасады. Олар алдымен Ақтөбе қаласындағы Жуковский көшесіне барып, азық-түлік дүкеніне кіреді. Бетперде киіп, біреуі асхана пышағын, екіншісі сувенир шаппа ұстайды. Түнде дүкеншіні қорқытқанымен, кассадан ақша таппайды.

Оқиға орнынан қашып кеткен соң қылмыстық ойынан айнымаған екі айыпталушы Арынов көшесіндегі азық-түлік дүкеніне шабуыл жасап, 70 мың теңгені алып кетеді. Кейін тағы бір дүкенді тонап, ол жерден 100 мың теңге алып кетеді. Іс материалына сүйенсек, сотталушы пышақты сатушының мойнына жақындатып, «өлтірем, ақшаны әкел» деп талап еткен.

«Айыпталушы Р.Берекешов пен А.Бектеміров Қылмыстық кодекстің «Қарақшылық» бабы бойынша айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандықтарынан айыру жазасы тағайындалсын. Р.М.Берекешов пен А.Б.Бектемировтың бас бостандығынан айыру жазасы қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтелсін», — деді судья Динара Гильманова.

Пікір қалдырыңыз