Әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту форумы алғаш рет Ақтөбеде өтіп жатыр

Ақтөбе қаласында әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту форумы өтіп жатыр. Еліміздің әр өңірінен келген кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері екі күн бойы кәсіпкерлікті дамытуға ұсыныстарын білдіреді. Форумға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова қатысты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласына іскер әйелдер жиналды. Еліміздің әр өңірінен келген кәсіпкерлер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудың жолдарын қарастырады.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2025 жылға қарай қазақстандықтардың тең жартысы кәсіпкерлікпен айналысу қажет деп тапсырма берді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында бірнеше іс қолға алынды. Бұл бір жағынан өндіріс, екінші жағынан ауыл шаруашылығына ыңғайлы өңір. Өңір үшін кәсіпкерлікті дамытудың маңызы зор. Әсіресе, жұмыспен қамтып, сұранысы жоғары тауарды жергілікті жерде шығару керек. Қазіргі кезде экономикалық белсенді тұрғындардың 32 пайызы кәсіпкерлікпен айналысады. Биыл қосымша 2,5 миллиард теңге қаржы беріледі», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Ақтөбеде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, кәсіпкерлердің өз ауылына көмектесу және әлеуметтік кәсіпкерлік саласында бірнеше үлгілі іс бар. Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев өз сөзінде кәсіпкерлерді атап өтіп, олардың балабақша, мектеп, лагерь құрылысы кезінде белсенділік танытқанын атап өтті.

«Өткен жылы барлығы 72 жоба іске асырылды. Ірі өндіріс орындары мен кәсіпкерлер 28 миллиард теңге бөлді. Биыл құны 29 миллиард теңгенің 33 жобасы іске асырылады. Оның ішінде 7 ауылға газ жеткізу және тасжол салу жобасы бар. Қазіргі кезде бизнестегі әйелдердің үлесі 40 пайызды құрап отыр. Облыс орталығындағы кәсіпкер әйелдер аудандағы қыз-келіншектермен тәжірибе алмасты. Енді аудан орталығындағы әйелдер ауылды оқытуы тиіс. Сол кезде жаппай даму болады», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз