Жеңіс күні атамызды еске алу – біздің парызымыз –шеруге қатысушылар

Ақтөбеліктер соғысқа қатысқан ата-бабасының портретін алып, шеруге шықты. Олар жыл сайын көшеге шығып, аталарына құрмет көрсетуді парыз санайды.

Мыңдаған ақтөбелік шеруге шықты. Олар аталарының, әкелерінің соғысқа қатысып, ерлік жасағанын паш ету мақсатында облыс әкімдігінің алаңына жиналды.

«Атамыз Мұхамбетқазы Досполовтың портретін алып шықтық. Ол соғыс басталып, үш күн өткенде майданға аттанды. Із-түзсіз жоғалды, хабарсыз қалды. Ал нағашы атамыз Ескендір Төлегенов соғыстың басынан соңына дейін қатысып, 1946 жылы елге оралды. Ол «Ерлігі үшін» медалімен, «Қызыл жұлдыз» орденімен марапатталды. Артиллерияда оқтаушы болған екен. Интернет арқылы атамыздың ерлігін толық біліп, әрбір ісін көріп, мақтан етеміз», — деді соғыс ардагерлерінің немересі Айнаш Тайпақова.

Отбасы жыл сайын Мәңгілік полк шеруіне қатысып, тағзым ету міндетіміз деп есептейді.

«Соғыс ардагерлерінің ерлігі мәңгі өлмейді. Жыл сайын келеміз, міндетіміз осы. Егер келмей қалсақ, оларға сатқындық жасаған секілді боламыз. Біз тек алғыс айта алмыз», — деді Айнаш Тайпақова.

Пікір қалдырыңыз