«Бақытты бала»: Әйтеке би ауданының 500 оқушысы биыл тарихи орындарды аралайды

Әйтеке би ауданының 500 оқушысы биыл облыстың тарихи орындарын аралайтын болады. Олар батыр Әлияның ауылында болып, париоттық орталық жұмысымен танысады. Абат Байтақ пен Қобыланды батыр кешендеріне барады. Есет батыр кесенесіне соғады. Сонымен бірге, санаулы жыл бұрын кіші жүз ханы Әбілқайырға тұрғызылған Хан моласына экскурсия жасайды деп күтілуде. Бұл туралы Aktobenews.kz тілшісіне Әйтеке би ауданының әкімі Мәлімбет Ибрашов айтып берді.

Оның айтуынша, тарихи орындарға сапар негізінен, аз қамтылған отбасылар мен оқуда озат әрі дарынды балалар үшін ұйымдастырылып отыр.

«Әдетте, Түркістан, Маңғыстаудың киелі жерлеріне барамыз деп жатамыз. Балалар алдымен өз өңірін тарихын, ескерткіштерін танып білсін деген оймен ішкі туризмді дамытып алғымыз келеді. Рас, бізде Хан моласына дейін дұрыс жол жоқ. Дегенмен, ретке келтіріп, Әбілқайыр хан жатқанжерге де балаларды апарып қайтқымыз келеді. Осы жазда ұйымдастырамыз», — деді аудан басшысы.

Айта кетейік, санаулы күн бұрын Әйтеке би ауданының балалары Әлия Молдағұлованың туған жерінде Роза Рымбаеваның концертіне қатысқан болатын.

«400 шақырым жерге барып, батыр қыздың туған өлкесінде болып қайтты. Әнші Роза Рымбаеваның концерті де сол күндері өтіп жатыр екен. Балаларымыздың ақ ниетіне құдай берген болар», — дейді әкім.

Пікір қалдырыңыз