Ақтөбелік тауар өндірушілер ірі мұнай компанияларынан тапсырыстар ала бастады

Ақтөбелік тауар өндірушілер Атыраудағы ірі мұнай компанияларының тапсырысын орындай бастады. «Қарашығанақ» пен «Теңізшевройл» компаниялары да тапсырыс береді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде ірі мұнай компаниялары мен тауар өндірушілер сұраныс пен ұсынысты нақтылап, қазақстандық үлесті арттыру үшін бірлесе жұмыс істеуге кірісті. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтің айтуынша, «Қарашығанақ Петролеум» компаниясы келісімшарт санын арттырды. Қазіргі кезде 180 келісімшарт бар. Соңғы 10 келісімшарт құны 22,5 миллион доллар болды.

«Теңізшевройл» компаниясы тауар мен қызметке келісімшартқа отырды. Қызмет құны — 21 миллион доллар. Алдағы уақытта да келісімшарт туралы облыс әкімдігі мен Кәсіпкерлер палатасына хабарлап, ақпарат беріп отыруды сұраймыз», — деді облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Қазақстандық үлесті арттыруға кедергі келтіріп отырған бірнеше фактор бар. Мәселен, тапсырыс берушілер бір көзден сатып алуды әдетке айналдырған. Кейде жеткізушінің құқығы бұзылып, «сатып алу өткізілген жоқ» деп шешім шығарылады. Сұраныс негізсіз кері қайтарылатын кездер де кездеседі. Ірі мұнай компаниялары жергілікті тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілер туралы жіті білмейді. Сондықтан да өңірде ашық есік күнін өткізу жүріп жатыр.

Пікір қалдырыңыз