Жеңістің 73 жылдық мерекесін мұғалжарлықтар салтанатты түрде атап өтті

Мерекелік шараға келген тұрғындар 9 мамыр — Ұлы Жеңіс мерекесінің 73 жылдығына орай Қандыағаш қаласында жаңадан бой көтерген, қазақтың қос шынары атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға қойылған ескерткіштің алдында жиналды, деп хабарлайды аудандық ішкі саясат басқармасынан.

Мерекеге аудан әкімі Ербол Данағұлов, Ақтөбе облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау жөніндегі басқарманың басшысы Ә.Мырзалин, Ұлы Отан соғысының ардагерлері және мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Аудан басшысы Ербол Жеткергенұлы барша мұғалжарлықтарды Ұлы мереке – Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады.

Бұдан соң жиналғандар соғыста қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алды. Қазақтың қос шынары атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға қойылған ескерткішке жергілікті атқарушы биліктің, мәслихаттардың, қоғамдық ұйымдардың, мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың өкілдері салтанатты түрде гүл шоқтарын қойды. Жұртшылық ардагерлермен бірге суретке түсті.

Көпшілік назарына Ұлы Жеңістің 73 жылдығы мен Жеңіс күніне арналған концерт көрсетілді. Сұрапыл сұм соғыс жылдарын еске салған әндер де айтылды. Яғни, «Катюша», «Әлия», «Соғыстан қайтқан солдаттар» сынды әндер шырқалды.

II дүниежүзілік соғыстағы ерлікті насихаттайтын қойылымдар да шарадан шет қалмады. Ардагерлер мен тұрғындар театрланған көріністерді тамашалап, от пен оқтың арасындағы шайқасқа куә болды.

Мереке күні тұрғындарға 2000 Жеңіс лентасы таратылды.
Бүгінде ауданда Ұлы Отан соғысының 4 ардагері, соғыс жылдарында тылда еңбек еткен 317 тыл ардагері бар.

Мәртебелі мереке, қуанышты күн ауданда осылай атап өтілді. Халқымыздың ерлігі мен даңқының жарқын көрінісін қазақ аяғы басқан әрбір мекен ұмытпайды. Әлемге қуаныш пен қайғы жұтқызған күннің жеңісті сәті ел есінде ғасырлай бойы сақталады.

Пікір қалдырыңыз