Ақтөбеліктер гастрольдік сапармен келген М.Әуезов театрының әртістеріне шапан жапты

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры «Бейбарыс сұлтан» қойылымын сахналап, көрермен ықыласына бөленді. Ақтөбеліктер театр әртістеріне шапан жауып, орамал тақты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеде драма театрында «Таңсұлу», «Бейбарыс сұлтан», «Сыған серенадасы» секілді бірнеше қойылым сахналанды. Апта бойы зал лық толы болып, кеше көрермен Бейбарыс сұлтанды сомдаған Азамат Сатыбалдыға ерекше ықыласын білдірді. Ал театр директоры Нұрхан Қыдырбаев «Балауса» экспериментальды фестивалінде үздік ер адам рөлін жеңіп алған Азамат Сатыбалдыға өз марапатын ұсынды. Кейін театр әртісі, ардагер Мағзом Бақытжанов Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының бірнеше әртісіне шапан жапты.

«Тұтас қоғамның, әрбір қазақстандықтың санасын жаңарту Елбасы мақаласында айтылып, көрсетілді. Қай бағыты болса да елді рухани байытады. Рухани бай ел ғана ұлы істерді жүзеге асыра алады. Бұл бастауын Әбілқайыр ханнан, Қобыландыдан, Шернияз бен Мөңке би, қасиетті қара домбыраны серік еткен Қазанғаптан, кешегі түркітанушы, лингвист ғалым Құдайберген Жұбанов, Ахмет Жұбановтан алатын қасиетті мекен. Қазақ бірін-бірі білгісі келген кезде еліңде кім бар деп сұрайды екен. Ондай сауал болған кезде сақалымызды сипап қалған жеріміз жоқ. Білекті де, білімді де осы елде екенін көріп тұрмыз. Біз рахмет айтамыз. Өнер өмірдің өзі емес, бір бөлігі. Бірақ сіздерсіз, көрерменсіз өмір жоқ», — деді әртіс Бекжан Тұрыс.

Пікір қалдырыңыз