Ақтөбедегі тұрмыстық қалдық дауы: Жергілікті билік «бір аптада барлығын реттейміз» деп ант-су ішіп отыр

Ақтөбе қаласындағы қоқысты 10 жаңа компания шығарады. Бүгін әкімдік жаңа басшыларды таныстырып, олардың байланыс телефондарын берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында бұрын қоқыс шығарған «Таза қала» компаниясы таратылып, «Ақжол LTD» компаниясы қоқыс шығарудан бас тартты. Салдарынан қала ішіндегі қоқыс үш апта шығарылмай қалып отыр. Тұрғындардың шағымы көбейген кезде қалалық әкімдік шаһар территориясын 10 бөлікке бөліп, конкурс жариялады. Жеңімпаз атанған компаниялардың көбі бұрын қала тазалығына жауап берген басқарушы компаниялар болып шықты. Оларда техника жеткіліксіз. Бірақ алдағы уақытта жаңасын сатып алып, техникалық базаны нығайтуды жоспарлап отыр.

«Қаланың ескі бөлігіне жауап береміз. Қазір бізде үш қоқыс шығаратын көлігіміз бар. Тағы бірнеше жүк көлігін қоқыс шығаруға қосамыз. Болжам бойынша бір апта ішінде бәрі ретке келіп, қоқыс шығару арнайы кесте бойынша жүргізіледі», — деді №1 басқарушы компанияның басшысы Талғат Қибаш.

Ақтөбе қаласында жылына 200 мың тонна қоқыс шығарылады. Әр ауданда шығарылатын қоқыс көлемі әртүрлі. Мәселен, Мәскеу ауданынан 8 мың тоннадан астам қоқыс жиналса, Болашақ ауданында 3,9 мың тонна тұрмыстық қалдық шығарылып жатыр.

«Үш апта бойы қалада қоқыс шығару мәселесі дұрыс шешілмеді. «Ақжол LTD» ЖШС өз міндетін толық орындамаған кезде біз жергілікті кәсіпкерлерге қоқыс шығару туралы өтінішін айттық. «Таза қала» компаниясының техникасын пайдаланып, өзге кәсіпкерлер көмектесті. Бұрын қоқыс шығарған екі компанияға алдын-ала ақша төлеген адамдар коммуналдық төлемін қайтарып алады», — деді Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Әлібек Серікбаев.

Айта кетейік, қоқыс тасуға келісім берген жаңа компаниялар тұрғындармен жеке-жеке келісімшарт жасайды. Әзірге коммуналдық төлем жан басына шаққанда 105 теңге болып қалады. Жергілікті билік тарифті көтеру немесе сол күйі қалдыру сұрағын әзірге қарап жатқан жоқ.

Пікір қалдырыңыз