Ақтөбедегі қытайлық мұнай компаниясы қазақстандық үлестің не себепті аз екенін түсіндірді

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ашық есік күнін өткізді. Қазақстандық тауар өндірушілер өз өнімдерін ұсынды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-да құбыр, химиялық реагенттер, жасанды жабынды, арнайы киім, цистерна мен пештер шығарып, өндіріп, дайындайтын компаниялар көрме ұйымдастырды. Қытайлық мұнай компаниясы осы арқылы қазақстандық үлесті арттырырады, ал жергілікті тауар өндірушілер шағын және орта бизнесті дамытады.

«Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жыл басында кедергісіз бизнес үшін барлық мүмкіндікті жасауға тапсырма берді. Экономикалық серпіліс жылы аясында ірі компаниялар ашық есік күнін өткізіп, қазақстандық тауар өндірушілерді шақырады. Мәселен, «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-на мұнай мен газ саласына қажетті техника, химиялық реагенттер, киімдер мен қажетті тауарлар ұсынылды. Ірі мұнай компаниясы ғана емес, мердігер мекемелер де тауар түрлерімен танысты», — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов.

Ірі мұнай компаниясына тауар жеткізіп отырғандардың бірі жасанды жабынды шығаратын «Талан технолоджи» компаниясы. Бірнеше жылдан бері спорт алаңдарына, балалардың ойын алаңына жасанды жабынды шығаратын өндіріс орны зауытты жаңа қуаттылыққа шығаруды жоспарлап отыр.

«Атырау, Ақтау, Орал қалаларына барып, өнімімізді ұсынып жатырмыз. Ақтөбедегі ірі өндіріс орындары да тапсырыс берді. Қолданыстан шыққан доңғалақтарды тегін қабылдауды біздің компания ғана жүргізеді. Сондықтан бізбен келісімшарт жасап отырған компания да көп. Жылына 4800 тонна шикізатты өңдей аламыз. Шикізаттан 6 мың шаршы метр жасанды жабынды жасалады», — деді техникалық директор Нұрлан Бөкенбаев.

«СНПС-Ақтөбе» АҚ қазақстандық үлеске басымдық бергенімен, кейде ұсыныс аз болады. Мәселен, жұмыс пен қызметтегі қазақстандық үлес 85 пайызды құраса, тауардағы қазақстандық үлес бар болғаны 16-18 пайыз болып тұр.

«Жыл өткен сайын қазақстандық үлесті арттыруға басымдық беріледі. Егер мұнай саласына қажетті тауарлар жергілікті жерде, Қазақстанда шықса, импорт азаяды. Мәселен, бұған дейін бұрғылау жұмыстарына қажетті цемент тек шетелден әкелінді. Ал қазір Шымкентте шығарылып, тапсырыс беріп отырмыз. Химиялық реагенттер де жергілікті жерде өндіріле бастады. Қазақстандық үлесті арттыру тек мұнай компаниясының қолында емес. Сондықтан өндірісті дамыту керек деп есептейміз. Біз қазір 10 мыңнан астам тауарға тапсырыс беріп отырмыз», — дейді «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысының орынбасары Андрей Кудеев.

Пікір қалдырыңыз