Ақтөбе облысының ревизорлары арасында І республикалық спартакиада өтіп жатыр

Ақтөбе қаласында бес футбол алаңынан тұратын жаттығу спорт кешенінде мемлекеттік ревизия қызметкерлері арасында І республикалық спартакиаданың салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ашылу салтанатында Бердібек Сапарбаев спортпен тек кәсіпқой спортшылар ғана емес, жалпы бұқара халықтың да айналысуы керектігін атап өтті.

«Мемлекет басшысының бұқаралық спортқа көп көңіл бөліп отырғанын өздеріңіз білесіздер, кем дегенде халқымыздың 30 пайызы бұқаралық спортпен шұғылдануы керек. Осы мақсатта Ақтөбе қаласында бірінші рет мемлекеттік ревизия қызметкерлерінің жарысы өткізіліп отыр. Арнайы шақыртуымызды қабыл алғандарыңыз үшін баршаңызға алғыс білдіремін және жарыста жеңіске жетулеріңізге тілектеспін», — деді облыс басшысы.

Айта кетейік, аталмыш спартакиада республика бойынша алғашқы рет Ақтөбе қаласында Астана қаласының 20 жылдығына орай өткізілуде. Жарысқа республикамыздың 11 облысынан 300-ге жуық қызметкер қатысып жатыр. Олар волейбол, шағын футбол, үстел теннисі, дартс және шахмат спорт түрлері бойынша өзара бақ сынайды.

Пікір қалдырыңыз